30 мая, 2025
Вице-министр: «Жаңа салық реформасы қос тарапты мәселенің ымыралы шешіміне айналуға тиіс»

Вице-министр: «Жаңа салық реформасы қос тарапты мәселенің ымыралы шешіміне айналуға тиіс»

Қостанайға Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жұмыс сапарымен келіп, бизнес өкілдерімен салық реформасы, соның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін көтеру мәселесі жөнінде кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпан күні бизнес қауымдастығымен Қосымша құн салығы ставкасына қатысты жиын өткізген еді. Осы отырыста Президент ҚҚС мөлшерлемесі сараланған болуы керегін, Үкімет дәлме-дәл есеп негізінде шешім қабылдау қажет екенін міндеттеді. Осыған байланысты ставканы салаларды саралай отырып көтеру ұсынылып отыр.

«Жаңа реформаның іске қосылып, жүзеге асуына үкімет жауапты. Бұның авторы екі-үш адам емес, көп жиын-кеңестер өтіп, ұсыныстар егжей-тегжейлі пысықталды, өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, жетілдірілді. Әлі де жан-жақты қаралу барысында. Бұл реформа үкімет және бизнес-қауымдастық тараптарына тән мәселелердің ымыралы шешіміне айналуға тиіс. Ал енді ҚҚС-ның қазіргі мөлшерлемесі 12% болса, оны 16%-ға көтеру көзделеді. Мұнда да аралық мөлшерлеме көлемі 10% шамасында болады», – дейді вице-министр.

Оның айтуынша, ҚҚС бойынша есепке қоюдың шектік сомасын қазіргі 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылып отыр. Өйткені қалыптасқан сома, біріншіден, ҚҚС-дан жалтару амалдарына себепші, екіншіден, ол көп жағдайда айналымнан түсетін салықпен ғана шектелуге итермеледі.

«ҚҚС мөлшерлемесін көтерудегі бірнеше себепті атап өтуге болады. Мәселен, бюджеттің шығын бөлігі үш есе көбейді. Әсіресе, жалақы, зейнетақы, стипендия, атаулы әлеуметтік көмек сияқты міндетті әлеуметтік төлемдер артты. Сондай-ақ көлеңкелі экономиканың үлес салмағы 17%-ға тең. Бұл, әсіресе, сауда-саттық саласына көбірек тән. Осы секілді факторлар салық реформасын қайта қарауға түрткі болып отыр. Бюджет түсімін көбейту – мемлекет алдында тұрған даму міндеттерін шешуге, Ұлттық қор қаржысының шығынын шектеуге, мемлекет қарызын төмендетуге мүмкіндік береді», – дейді Е.Біржанов.

Вице-министр қосымша кірістер Агроөндіріс кешенін дамытуға, инфрақұрылымға, өңдеу саласына және қорғанысты бекітуге жұмсалатынын айтты. Қазір осы бастаманы өңірлік бизнес-қауымдастықпен талқылау үшін 6 жұмыс тобы құрылған. Бұл топтардың жұмыс сапарларының кестесі жасалды. Олардың жұмысы 11 ақпанда басталып кеткен.

Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ