Қостанай облысының Денсаулық сақтау басқармасы Ұзынкөл ауданындағы тоқ соққан қызға медициналық көмек көрсетудің қажетті шараларын қабылдауда, деп хабарлайды Zakon.kz.
Естеріңізге сала кетейік, ол аудандағы мерекелік іс-шаралар кезінде электр тоғының соғуынан тоғыз жасар қыз зардап шеккен болатын.
Облыс орталығына “Астана медицина университеті” балалар анестезиологиясы, қарқынды терапия және жедел шұғыл көмек кафедрасының меңгерушісі Нұрила Малтабарова мен Ұлттық нейрохирургия орталығының Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің нейрохирург дәрігері Сапарбек Сейітбеков арнайы келді.
“25 тамызда Ұзынкөл ауданында кәмелетке толмаған баланың жағдайы ауыр екендігі туралы хабар келіп түскен соң, облыстық реаниматологтар санавиациямен ұшып кетті. Тексеруден кейін бала Қостанай облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қыз сол жерден барлық қажетті емдеуді алады. Қостанайлық дәрігерлер санавиация желісі бойынша республикалық мамандармен бірнеше рет кеңескен. Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығынан екі маман жіберу туралы шешім қабылдады. Қостанайлық дәрігерлер өз кезегінде кішкентай пациентке барлық қажетті көмек көрсету үшін бар күш – жігерін салуда”, – дейді Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев.