Ұзынкөлде “Тың-Целина – 2023” жазғы спартакиадасы өтті

Ұзынкөлде “Тың-Целина – 2023” жазғы спартакиадасы өтті

Ұзынкөл ауданындағы екі күнге созылған “Тың-Целина – 2023” жазғы спартакиадасында Аслан Дукаев жарыстың түйепалуаны атанды.  Жеңімпазға қой сыйға тартылды.

Екінші орынды Аслан Тлеумурзин (30.000 теңге), үшінші орынды Темірлан Бекентаев (20.000 теңге) иеленді. Ал, “Ең жас палуан” деген атақ Максим Щербакқа бұйырды.

– Жыл сайын ұйымдастырылатын  спартакиаданың мағынасы тереңде жатыр. Биыл қазақ күресінен ұйымдастырылған жарысқа кіл мықтылар жиналды. Олар аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, төбе көрсетіп жүрген азаматтар. Сегіз салмақ дәрежесі бойынша палуандар белдесті, — дейді қазақ күресінен аға бапкер Медет Әділбекұлы.

Жалпы аудандық спартакиада ойындарына  8 ауылдық окуруг пен 3 ауылдан 11 команда қатысқан болатын. Қазақ күресі, волейбол, жеңіл атлетика, футбол, гір тасын көтеру, құнан, топ бәйге, арқан тарту, қол күрес сияқты спорт түрлерінен қатысушылар сайысқа түсті.

Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан спорттық ойындар елдің спортқа бет бұруына үлкен жағдай жасап келеді. Соның нәтижесінде саламатты өмір салтын ұстанып, дені сау ұрпақ қалыптасары сөзсіз.

– Спорт  әр адамның өмірі үшін аса қатты маңызға ие. Ұзынкөл ауданында спортты дамыту жолындағы ортақ күш-жігеріміз бен еңбегіміздің арқасында спортшыларымыз биік белестерді бағындыруда. Бішкек қаласында өткен халықаралық чемпионатта Карина Бикжанова жұлқа көтеруден күміс және серпе көтеруден қола жүлдегер атанды. Облыстың бірнеше дүркін чемпионы, ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасы чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы болды. Міне, бұл ұзынкөлдіктердің спортқа деген құрметінің арқасы. Ауданымызда саламатты өмір салты белсенді түрде насихатталуда. Соның нәтижесінде 15 түрлі спортпен жерлестеріміз шұғылдана алады. Спортшылар мен әуесқойлардың қызметінде қажетті спорттық инфрақұрылым бар. 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Қаражат есебінен спорт кешеніне қажетті құрал-жабдықтар алынды. Спорт кешенінің аумағында заманауи баскетбол және волейбол алаңы, “workout” аймағы орнатылды, – дейді аудан әкімі Азамат Аужанов.

Ауданға қарасты 11 ауылдық округтің алтауына шағын футбол және ойын алаңдары орнатылған. Биыл Сокол және Ряжское ауылдарында барлық қажетті талаптарға сай жаңа заманауи футбол алаңдары берілмекші.

Ұзынкөл ауданының тұрғыны, жеті  жасынан спортты жанына серік етіп келе жатқан зейнеткер Тоқсанби Жәнібеков спартакиада  ойындарының тұрақты көрермені.

– Өзім ұлттық спорт саналатын бәйгені жақсы көремін. Бүгінгі бәйге керемет болды. Шабандоздар да шетінен мықты. Ауданымыз спорт жағынан белсенді деңгейде дамып жатыр. Жастарды қолдау мақсатымен көптеген спорттық сайыстар ұйымдастырылып тұрады. Соның айқын айғағы “Тың-Целина – 2023” жазғы спартакиадасы, — дейді Тоқсанби ақсақал.

Әсіресе, ауданда ұлттық спорт кеңінен дамыған. Оған дәлел ауыл жастарының дәстүрлі спортқа бет бұрып, заман ағымына сай ұлттық ойындарға бейімделгені жақсы себеп болып отыр.

Командалық есепте  Ұзынкөл ауылдық округі бірінші орын, Ершов ауылдық округі екінші орын алды, Сатай ауылы үшінші орынды қанжығасына байлады. Барлық жеңімпазға арнайы медальдар мен алғыс хаттар, ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

 

Жаңалықтармен бөлісу