Ұзынкөл ауданы Миралюбов ауылындағы жергілікті «Киевский» серіктестігіне кезінде Леонид Королев жетекшілік еткен болса, бүгінде оның ұлы Сергей әке жолын жалғастырып, ауылдың көркеюіне айтарлықтай үлес қосып келе жатыр. Ершов ауылдық округіне қарасты бұл елді мекенге ат басын бұрған облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың сапарындағы әсерлі көріністер мен жарқын жобалар ауылдың бүгіні мен болашағына үмітпен қарауға негіз болғандай.
Серіктестік басшысы ауыл шетіндегі бұрын бос жатқан алаңқайға ерекше назар аударып, бұл жерді саябаққа айналдыруды қолға алған.

«Бұл жер бұрын өзге меншік иесінде болған. Кейін босатылып, біздің иелігімізге өтті. Осылай ел игілігіне жаратуды ұйғардық», – дейді Сергей Королев.
Қазірдің өзінде саябақтың алғашқы белгілері пайда бола бастаған.
Жасанды жабынмен көмкерілген шағын футбол алаңы салынып, ауыл жастары мен тұрғындары үшін дала жаттығу тренажерлары орнатылды.

Алдағы уақытта баскетбол және волейбол алаңдары бой көтеріп, айналасына шағын стадионға ұқсас жүгіру жолақтары төселмек. Бұл бастама ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына серпін бермек.
«Киевский» серіктестігі ауылдағы мектепке тұрақты түрде көмек көрсетіп отырады. Мұнымен қоса, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты да біршама жақсарған. Жолдар жөнделіп, ауыл ішіндегі бес көшеге асфальт төсеу жоспары жасалды.
Тұрғындар мал ұстап, сүт пен тері өткізіп, ет тапсыру арқылы өз кәсібін дөңгелетуде.
Шаруашылықтың басты бағыты түрлі өсімдік өсірумен де айналысады. Егістік алқаптарында шетелдік тұқымдар қолданылып, еуропалық үлгідегі агротехнологиялар әлдеқашан енгізілген. Бұл тәсіл мол өнім алуға үлкен жол ашып отыр. Мәселен, былтыр шаруашылықта бір гектардан 18-20 центнерге дейін өнім алынды. Өнімділік осылайша жыл сайын артып келеді.
Шаруашылықта еңбек ететіндердің басым бөлігі – жастар. Тәжірибесі болмаса да, ынта-жігері бар жастар жұмыспен қамтылып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алып отыр. Бұл дәстүр ауылда кәсіби кадрларды қалыптастырудың жарқын жолы болып қалыптасты.

Ауыл шетіндегі астық сақтау орны бүгінде қайта жанданып, жаңа технологиямен жабдықталған заманауи шағын ток іске қосылған. Финляндия технологиясымен жасалған бұл нысан 150 тоннаға дейін өнім қабылдай алады. Вункеріне шамамен 200 тоннаға дейін өнім сыйып, алты КамАЗ көлігіне еркін қызмет көрсете алады. Қосымша жабдықтарына 15 миллион теңге көлемінде қаражат жұмсалған.
Сергей Королев бүгінде балалары Алексей мен Максимді шаруашылықтың қыр-сырына баулып жүр. Біреуі агроном мамандығы бойынша Темирязев университетінде білім алуда.

«Әкеміз кеңес дәуірінен бері осы шаруашылықты алып келген. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік. Енді осы істі балаларыма үйретіп, жалғастырудамын», – дейді Сергей.
Бүгінде жасы тоқсанға тақаған Леонид ақсақал баласы мен немерелеріне ақыл-кеңесін беруден ешқашан жалықпайды.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл шаруашылықты «дұрыстап меңгерілген үлкен кәсіп» деп бағалап, осындай үлгілі бастамалардың өзге аймақтарға да таралуы қажет екенін атап өтті.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді ұсынған облыс әкімінің баспасөз қызметі
Ұзынкөл ауданы
