ҰСТАЗ, ҒАЛЫМ, ҚАЙРАТКЕР

ҰСТАЗ, ҒАЛЫМ, ҚАЙРАТКЕР

Адам өмірінде ата-анадан  кейінгі орыны бөлек жан – ұстаз бен   тәлімгер. Уақыт өткен сайын олардың бейнелері тұлғаланып,  сағынышпен ойға оралатынына бұл күнде көзіміз әбден қанық екені белгілі. 

Есейген шағымыздың өзінде алғашқы ұстаздан бастап, одан әрі өмір баспалдағынан жетелеп өткізген сол бір абзал жандар есіңе түскенде жүрегің елжіреп, жаның жадырап шыға келеді.  Өзімізге сондай қадірі өткен ұстаздарымыздың бірі, әрі бірегейі тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол   Күзембайұлы   дер едік.

Сонау алғаш рет Қарағанды университетінің табалдырығын аттағаннан мазмұнды да ғылыми дәрісін тыңдап, тұлғалық тәрбиесінен тағлым алған   шәкірттерінің   ішінде бізде бармыз. Бүгін 80-нің сеңгіріне сергек келген,  ұлағатты ұстаз, ғалым және қоғам қайраткері Әбекең  туралы ойымызды  ортаға салып отырмыз.

Ұстаз – білімнің шамшырағы, ғалым – ғылым мен жаңалықтың жаршысы, ал қоғамның қайраткері болу – сол жетістіктердің нәтижесінде туған елінің жанашыры болмақ. Бұл ретте тарих ғылымының алатын орны ерекше. Кеше ғана Мемлекет басшысының Көкшетауда өткен Ұлттық құрылтайда: «…біз төл тарихымызға көкжиегі кең, тамыры терең өркениеттік көзқараспен қарауымыз керек. Бұл – өте маңызды. Сонда ғана халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына мүлде жаңа көзқарас пайда болады» деген қағидалы  сөзінетарихшы-ғалым, ұстаз және қайраткерӘбекеңнің өмірлік  ұстанымы толық сәйкеседі.

Әбекең 1945 жылы Қостанай облысының Мендіғара ауданына қарасты Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Майлыағаш жеті жылдық мектебінде,  кейін Қостанай қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектепте білімін жалғастырады.1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, қазақ тарихы, археологиясы, этнографиясы және антропологиясы салаларынан жоғары  білім алған ол,еңбек жолын  Қарағанды мемлекеттік педагогика институтының  ерте дүние тарихынан студенттерге дәріс беруден бастайды. Сонымен қатар  институттың және қаланың қоғамдық өміріне белсене араласты.  1971 жылы Аманжол аспирантураның күндізгі бөліміне түсіп,1973 жылдың мамыр айында Қазақ мемлекеттік университетінің жанындағы Ғылыми Кеңесте  кандидаттық диссертациясын сәтті  қорғап шығады.

Әбекең әуелден ақ, университеттің жұмысына белсене араласады. Әсіресе, жоғары оқу орнындағы  оқу-әдістемелік, яғни   сол кездегі оқытудың жаңа технологияларын игере отырып, ат салысты. Бұл саладағы жемістің еңбегін бағалаған университет басшылығы оны оқу-әдістемелік басқармасын басқару қызметіне тағайындайды. Бұл салада Әбекең университеттің кітапханасын қажетті оқулықтармен, оқу құралдарымен, арнаулы монографиялық еңбектермен толықтыруға баса көңіл аударады. Томск, Ташкент, Омск университеттерінде  тәжірибе алмасып, жас университеттің кітапханасына  өте қажетті оқу-әдістемелік әдебиеттердіәкеліп тапсырады.

1987 жылы жазылған «Қазақстан ежелгі дәуірде» атты оқу құралы тарихшылар арасында үлкен сұранысқа ие болды. Кейін оның  өңделген нұсқасы жоғарғы мектеп студенттері үшін оқулық ретінде басылып шықты. Қазақ тарихының күрделі мәселелері жаңа көзқараста талданып, ұлттық тұрғыдан көрініс тапқан  бұл оқулық республика тарихшылары тарапынан үлкен қолдау тапты.  Оған дәлел ретінде  ҚР Ұлттық академиясы жанындағы Ш. Уәлиханов атындағы «Тарих және этнология институты» кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, жоғары бағаланғанын және оқулықтың он рет қайта басылып шыққанын айтуға болады. 1993 жылы аталған ғылыми  институттың жанындағы докторлық Кеңесте «Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ тарихына жаңа тұжырымдама тұрғысы негізінде қайта қарау» деп аталатын докторлық диссертациясы сәтті қорғалды.

Ұстаз-ғалым тек  қазақ тарихын жоғары мектепте ғана емес, орта білім беретін мектептерде, тіпті балалалар бақшасында  да оқытылудың қажеттігін көтеріп, өзі ол іске белсене ат салысты. Әбекең алдымен министрлік пен сол кезде Қазақстан Орталық комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке Қазақстан тарихын балалар бақшасыннан бастап жоғарғы оқу орындарына дейінгі мекемелердің оқу жоспарына кіргізу жөнінде хат жолдайды.  Көп кешікпей, министрліктен орта мектептерге арналған қазақ тарихы пәніүшін оқу бағдарламасын жасауға тапсырма алады. Осы тапсырма бойынша жасалған баламалы бағдарлама сол кездегі республиканың  орта мектептерінде Қазақ тарихын оқытуға үлкен көмегі болды. Әбекең Қазақстанның солтүстік, орталық және батыс аудандарында (Қостанай, Көкшетау, Торғай, Қарағанды Жезқазған облыстарында) тарих пәнінен беретін  мұғалімдерді қайта даярлау және жетілдіру  істеріне  белсене  ат салысты.    Өзімен бірге  кафедрада істейтін мұғалімдермен бірігіп, орта мектеп мұғалімдері үшін жазған «Тіректі конспект» деп аталатын оқу-әдістемелік материалдар жинағынқолданысқа еңгізді.  Қазақ ССР Кәсіптік білім беру комитетінің тапсырмасымен кәсіптік орта білім беретін оқу орындары үшін «Менің республикам» деп аталатын жаңа пәнге оқу бағдарламасын жасап, Тараз, Қостанай, Алматы қалаларында тарих,  және география пәндерінің мұғалімдерімен аймақтық семинарлар ұйымдастырды.Әбекеңнің бұл оқу-әдістемелік тұрғыдағы толымды істері Қазақстанның тәуелсіздік алған бастапқы жылдарында және одан кейін де  жас ұрпақтың санасын ұлттық тарих арқылы тәрбиелеуге елеулі үлес қосты.

Әбекеңнің    ұстаздық   жолы  үздіксіз ғылыми жұмыстармен  сабақтасып жатты. Әбекеңнің ғылым саласындағы еңбегі туралы айтқанда  Ұлы ойшыл Әбунасыр әл-Фарабидің «Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері зор, тілек-мақсаты ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт», деген   қағидалы сөзі  ойға түседі. 1978 жылы ол Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, кейін  сол кафедраның меңгерушісі болып сайланды. Бұл жылдары Әбекең университет қабырғасындаархеология-этнография мұражайды  ұйымдастырудың ұйтқысы болды. Археологиялыққазба жұмыстарынажетекші ретінде  алғашқылардың бірі болып, келісім-шарт негізінде жүргізуді   жолға қойды.  1984 жылдан бастап,   өзінің жетекшілігімен этнографиялық экспедиция ұйымдастырады. Кейінде, көптеген студенттер осы экспедиция айналасында бірігіп, «Қарағанды тарих мектебі» деп аталатын жас ғалымдар тобы қалыптасты. Бүгінде сол топтан шыққан шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі  оқу орындарында қызмет істейді.

Әбекеңнің елдегі оқу-білім мен ғылымды үйлесімді дамыту жолындағы     ұйымдастырушылық іс- қызметінің өзі бір төбе. 1993 жылдың  Қостанай ауыл шаруашылығы институы басшылығының шақыруымен ол осы оқу орнында «Қазақстан тарихы» кафедрасын алғаш ұйымдастырады. 1998 жылы   Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің заң факультетінің деканы болып тағайындалды. Сонымен бірге, ол Қазақ мемлекеттік заң академиясының Солтүстік Қазақстан филиалының директоры қызметін қоса атқарды. 2001 жылдың жазында Алматыдан Қызылжарға көшіп келген Мемлекеттік қызмет инстуты осы жердегі Заң университеті мен Мемлекеттік қызмет институты филиалдарының негізінде жаңа оқу орыны құрылды. Аманжол Күзембайұлы осы оқу орнына бас проректор болып тағайындалды.  2004 жылдың ақпанында ол өзінің жеке меншіктік Қостанай аумақтық тарихи- зерттеулер институтын ұйымдастырады. Бұл институт қазірде  Солтүстік Қазақстан аумағы тарихының өзекті мәселелерін зерттеу үстінде.

Әбекеңнің Отан тарихы   ғылымын дамыту мен оны ұйымдастыру жұмыстарын  Қазақстанның тәуелсіздік алғанға дейін және одан кейіңгі деп шартты түрде бөліп қарасақ та, сол екі кезеңнің өзі ғалым үшін бір-бірімен тығыз байланыста және сабақтастықта болғаны айқын көрініс береді. Олай дейтініміз, ғалым өткен ғасырдың 80-90 жылдарында ақ, ұлттық тарихты  Кеңес дәуірінің идеологиялық ықпалынан шығып,  қазақ халқының тарихын   шынайы және обьективті зерттеу арқылы  қайта жазудың  қажеттігін айта бастаған ғалымдардың алғы қатарында болды.  Әбекеңнің ғылыми-творчестволық қызметі  Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейіңгі кезеңде ұлттық негізде және үздіксіз жаңашыл-инновациялық тұрғыда жандана түскенін көруге болады. Ол алғашқылардың бірі болып, қоғамдық ғылымдар саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын шаруашылық келісімшарттар негізінде жүргізді.

Профессор Аманжол Күзембайұлы ұлт  тарихы бойынша қазақстандық ғылыми мектептің қалыптасып, дамуына да қомақты үлесін қосып келеді.Қазақстан тарихының аз зерттелген және өзекті проблемалары жөнінде 500-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік  еңбектер жазған. Оның ішінде 56 монография, оқулық және оқу құралдары бар. ЖОО-на арналған «Қазақстан тарихы» еңбегі 1992 жылдан бастап 10 рет 50 мың данамен баспадан шығарылды.  Ғалымның еңбектері   қоғамдық санада орын алған күрделі өзгерістер ментарихи процестерді шынайы обьективтік тұрғыдан бейнелеу және бұрынғыидеологиялық ықпалдан  арылғандығымен көзге түседі.Сонымен қатар, ғалым 12 ғылым кандидатын, 2 ғылым докторын дайындап шығарған. Жалпы елдегі  әлеуметтік-саяси  проблемаларды саралап, терең идеяларды алға тартып, қажетті тұжырымдар жасап отыратын Әбекеңнің  өзіне тән қасиеттерінің бірі – кез келген жағдайда биік парасаттылығымен,  болмыс-бітімімен гуманист-ғалым екендігі көзге түседі.

Әбекең туралы сөз еткенде  оның елдегі қоғамдық саяси белсенділігін айтпасқа болмайды. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елдегі қоғамдық-саяси жағдайларға белсене араласты. Сол жылдардағы бүкілхалықтық «Азат» саяси партиясын ұйымдастырушылардың бірі ретінде ол елде демократиялық үрдістіңдамуына мүмкіндік беретін  игі іс-шараларға мұрындық болды.

ХХ ғасырдың 80-жылдары аяғында тарихшылар ортасында ел тарихы, жер тарихына баса көңіл аударыла бастаған болатын. Бұған түрткі болған алдымен 1986 жылғы Алматы оқиғасы болды. Бұл кезеңде отаншылдық рухтағы   азаматтар өз тарихын, мәдениетін білуге құмартты. Алайда, баспасөз беттерінде кейбір  авторлардың өз руы мен тегін негізсіз мадақтап, басқалардан жоғары қоюшылық, тіпті  сын көтермейтін, ертегіге ұқсас материалдарды  шынайы тарихи деректер ретінде көрсете бастады. Осындай келеңсіз мәселелер  отандық кәсіби  тарихшылар алдына үлкен міндеттер қойған еді. Бұл   жағдайда Әбекең өзінің монографияларында, оқулықтар мен оқу құралдарында және өзекті мәселелерге арнаған ғылыми мақалаларында жалған тарихшыларға ымырасыз қарсы болып, сын-пікірлерін  батыл білдіретін-ді.Ғалым ғылыми-танымдық тұрғыдан ел, жер, ұлттық тіл тағдыры мәселелері бойынша көпшілікке идеялық бағыт-бағдар беріп отырды.    Жарты мыңнан   астам ғылыми және көпшілікке арналған тарихи-танымдық  мақалалары     осыны көрсетеді.

Аманжол Күзембайұлы  өзінің ізденімпаздығы мен біліктілігі және тынымсыз еңбекқорлығыарқасында республика бойынша екі мәрте «Үздік оқытушы» грантының иегері болып, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін»  төс белгілерімен, ал 2014 жылы Қазақстан Республикасы жоғарғы оқу орындарының қауымдастығы еліміздің жоғарғы білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі, жаңашыл ұсыныстары және жаңа буын мамандарды дайындаудағы инновациялық істері үшін А.Байтұрсынов атындағы алтын медальмен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталған. 2015 жылы Қазақстан-Қостанай телеарнасының ұйымдастыруымен «Жыл адамы» атағын иеленіп, 2017 жылы «Қазына» меценаттар сыйлығының лауреаты атанды.  2019 жылы «Қозыбаев» медалінің иегері атанды.

2004 – жылдан бастап профессор А. Күзембайұлы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында қызмет істейді. Ол Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих факультетінің деканы, аумақтық тарихи зерттеулер орталығының басшысы, институт ректорының кеңесшісі қызметтерін атқарды. Қазір осы институттың Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры.

Жас кезінен болаттай берік ерік-жігерімен, мұқалмас қажыр-қайратымен және аса зор ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Әбекең үнемі өсу және өрлеу жолында екендігіне көз жеткізуге болады. Бүгінде 80 жасқа толып отырған мерейтой иесі профессор профессор Аманжол   Күзембайұлы өзінің ғылыми, ұстаздық және қоғамдық қызметінде нағыз кемел шағына жетіп, Қазақстан ғылымы мен білімінің аузы дуалы ақсақалы болып  отыр.

 

Сатай Сыздықов

ҰҒА құрметті академигі,

профессор, Л.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық  Университеті,

«Ортағасырлық

деректану»  Орталығының директоры

 

 

Жаңалықтармен бөлісу