“Жуырда Каменск-Уральск кеңшарының Ақсирақ бөлімшесінде болдым. Маған ол жердің кең даласы, аққайыңдары мен қарағай орманы ұнады. Әсіресе, еңбеккерлері жақсы, өте ұйымшыл”. Бұл мәскеулік студент Л.Хапельдің қазіргі Меңдіқара ауданы Каменск-Уральск ауылы жайлы жазған мақаласынан үзінді.Жазбада қазақтың батыр қыздары Кәмшат Дөненбаева, Құндызай Ыбыраева туып-өскен ауданнан ертеректе техниканың тілін тапқан, ардагер, Алматыдағы ХІІІ съезд делегаты Уәсила Ермұқанқызы жайлы баяндалған. Ол газет қиындысы мен 1971 жылғы съезден түскен көне суретті жақында қызы Зүмірет редакцияға әкелген болатын.
“Атамыз Ермұқан Бейсенбайұлы өте еңбекқор жан болған екен. Ел басқарған, зұлпат замандарда халық қасіретін бірге көріп, соғысқа аттанады. 1943 жылы қатты жараланып, содан қаза тапқан. Шешеміз 1944 жылы еңбек жолын бастапты. Ол кезде небары он алтыдағы қаршадай ғана қыз екен. Содан тракторге отырып, ел қатарлы еңбек етеді. Атамыздың тегін өшірмеу жолында қиындықтармен күресті. Бөлімшедегі партия ұяшығын басқарады. 1965 жылы Коммунистік партияның мүшесі болған анамыз Алматыдағы съездге елдегі екі адамның бірі болып аттанды. Кейін алпыс үш жасында көз жұмған анамыздың жаназасына съездге бірге барған серігі келіп, ол жақта ел абыройына бөленгенін айтып еске алғаны бар”, – дейді Зүмірет қария.
Ол кезде Кәмшат Дөненбаеваның уылжыған жас уақыты. Еңбек озатының қант диабетімен сырқаттанып, дерті меңдегенін естиді. Көңілін сұрай барып, үлгі-өнегемен ризашылығын, батасын алған екен. Кейін Кәмшат Дөненбаева еңбегімен ауыл-аудан, облыс атын елге танытты. Еңбектегі ізбасарының осы ерлігін Уәсила ана ұрпағына, ағайын-туғандарына мақтанышпен айтып өтті.
Айбек Ғалымұлы