«ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ-2024»: алғашқы күннің қорытындысы жария болды

«ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ-2024»: алғашқы күннің қорытындысы жария болды

19 мамырда «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің бірінші кезеңі аяқталды. Әзірше Шығыс Қазақстан облысы алда келеді. Жарыс жолында ұзын саны 16 команда қалған. Қостанай облысының командасы әзірге 9-орында.

Ат спорты әуесқойлары мен еліміздің әр өңірлерінің өкілдерін біріктіретін спорт әлеміндегі ерекше оқиғақазақтың көрнекті геолог-ғалымы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналып отырғанын естеріңізге салайық. Жол қашықтығы – 500 шақырым. Бағыт Павлодар, Ақмола облыстарын қамтиды. Марафон 23 мамырда Астанада аяқталады. Жорық бағдарламасына сәйкес, командалар марафон-бәйгенің алғашқы 100 шақырымын бағындырып, бірінші кезеңнің мәресі Екібастұз маңында аяқталды.

Алғашқы кезең қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстан облысының командасы жеңімпаз атанды. Маңғыстау облысының шабандоздары мәре сызығына екінші болып жетсе, Солтүстік-Қазақстан облысының командасы үштікке ілікті. Өкінішке қарай, алғашқы кезеңде бірден үш команда (Алматы мен Қызылорда облыстары, Шымкент қаласы) жарыстан әртүрлі себептермен шығып қалған.

«Аттардың шама-шарқын бағамдаған шабандоздар сәйгүліктерін қинамай, дер кезінде жарысты тоқтатқандары жақсы шешім болды», – дейді Бас төреші Надежда Купцова.

Бірінші кезеңде Батыс-Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстары екі аттан, Абай облысының командасында бір ат жарысқа жарамсыз деп танылды. Жалпы, 20 мамырда 2-кезеңді 16 команда жалғастырады.

Енді бірінші күні 100 шақырымды бағындырған командалардың нәтижесіне назар салайық:

  1. ШҚО – 5 сағ. 47 мин.
  2. Маңғыстау облысы – 5 сағ. 49 мин.
  3. СҚО – 5 сағ. 51 мин.
  4. Жамбыл облысы – 5 сағ. 52 мин.
  5. Жетісу облысы – 5 сағ. 55 мин.
  6. Алматы қаласы – 6 сағ. 09 мин.
  7. Ақмола облысы – 6 сағ. 23 мин.
  8. Павлодар облысы – 6 сағ. 29 мин.
  9. Қостанай облысы – 6 сағ. 30 мин.
  10. Астана қаласы – 6 сағ. 35 мин.
  11. Абай облысы – 6 сағ. 35 мин.
  12. Түркістан облысы – 6 сағ. 39 мин.
  13. Қарағанды облысы – 6 сағ. 40 мин.
  14. Ұлытау облысы – 6 сағ. 55 мин.
  15. БҚО – 6 сағ. 57 мин.
  16. Команда «Рекорд».

Бұған дейін де жазғанымыздай, Алғашқы үш жеңімпаз 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдында 3-7 қыркүйек аралығында өтетін  халықаралық марафон-бәйгеге қатысуға лицензия алады. Халықаралық кезеңге шет мемлекеттерден кемінде 15 команда қатысады деп болжанып отыр (Түркия, Сауд Арабиясы, Моңғолия, Венгрия, Түрікменстан, Иран, Өзбекстан және т.б.).

“Жобаның басты серіктесі  ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы. Қолдау көрсетушілер: «Аманат» партиясы, Павлодар облыстық әкімдігі, Қазақстан Республикасы спорт және туризм министрлігі. Ақпараттық серіктестер: «Қазақстан», «Хабар», «Астана» телеарналары. «Ұлы Дала Жорығы» – жылқы баласының ең мықты әрі төзімді тұқымы анықталатын далалық лабораториясы”, – делінеді ұйымдастырушылар ақпаратында.

Естеріңізге салайық, марафон жаңалықтарын www.joryq.kz ресми сайтында, fb – JORYQ, Instagram – joryqofficial, Tik-Tok – JORYQ, youtube – JORYQ желілерінен бақылап отыруға болады.

Жаңалықтармен бөлісу