Ұлпанға қолдап, дауыс берейік!

Ұлпанға қолдап, дауыс берейік!

Бүгінде жас таланттардың басын біріктірген X Factor Kazakhstan жобасының финалдық кезеңінде жерлесіміз Ұлпан Жұмабек өнер көрсетіп жатыр. Ұлпан Әулиекөл ауданындағы Қазанбасы стансасының тумасы.

“Өнер жолына әкемнің қалауымен келдім десе де болады. Ол кісі домбырамен ән айтатын. Сол әкенің дарыны маған дарыды деп ойлаймын. Кішкентайымнан ән айтқанды жақсы көретінмін. Бірақ музыканың оқуын оқымаппын. Мектепшілік концерттерде өлең айтып қана жүрдім. Бесінші сыныптан бастап айта бастадым. Байқауларға қатыспай, үйде, қонаққа барғанда ғана көрініп қалатын едім”, – дейді Ұлпан Жұмабек.

Ұлпан үйдің ең кенжесі. Алдында екі бірдей апалары бар. Сүйкімді ерке қылығымен, оқу мен қоғамдық жұмыстарға белсенді, ерке де нәзік қыз болып өсті. Мектеп қабырғасында жүріп барлық  домбыраға да, вокалға да, спортқа да барды. Бәрін күлдіртіп, ауыл КВН-нің бел ортасында да жүретін.

“Менің әнші болуым әкемнің арманы еді. Өкінішке қарай, осыдан үш жыл бұрын қайтыс болды. Үнемі: “Сені үлкен сахнада көргім келеді, неге байқауларға бармайсың?” деп айтып отыратын. Неге екенін білмеймін, мектеп бітіргесін басқа жолды таңдадым. Биологияны негізгі пән ретінде алып, малдәрігерлік факультетінде оқып шықтым. Мал шаруашылығы өнімдерін өндірудің технологиясы мамандығымен Қостанайдпғы ұлттық сараптама орталығына жұмысқа кірдім. Биология-химия мамандығы бойынша да екінші дипломымды алдым.  Университетте оқып жүргенімде арасында өлең айтқаным болмаса, өнерден алыстап кеткен едім. Осы байқау өнерге деген екінші тынысымды ашты”, – дейді X Factor Kazakhstan жобасының қатысушысы.

Ұлпаның әкесі кәсіпқой музыкант болмаса да оның табиғи құдай берген даусы дүйім елді тәнті еткен. Ансамбльдерде  домбырамен ғана өлең айтатын, той-томалақта бет ашатын өнері де болған. Бір ғажабы оның да екінші мамандығы малдәрігері. Екінші мамандығы бойынша теміржолда істеген екен.

“Әкемнің кезіндегі айтқаны соңғы кездері ойымнан кетпеді. Содан инстаграм желісінде X Factor Kazakhstan жобасының жарнамасын көріп қалдым. инстаграмнан. Содан беріп көрейін дедім. Өлең айтып видеомды жібергенен кейін бірнеше күнде хабары жетті. Байқаудан қоңырау шалып, алғашқы сынақтан өткенімді айтты. Осылай Алматыға сапарлауға бел будым. Сөйтіп, міне, финалға да жетіп қалдық. Сол әкемнің аруағы қолдап келе жатыр деп ойлаймын”, – дейді жас талант.

Ұлпан алдыңғы турда тәлімгері Ділназ ханымның ұйғарымымен Роза Рымбаеваның репертуарындағы “Әлия” әнін шырқауға бел буды. Тәлімгері осы әнді бергенде басында таң қалып, қобалжығанын жасырмайды.

“Басымда қалай айтам, қалай алып шығамын деген қорқыныш болды. Күнде дайындалып, өзімнің күшіме сеніп айтып шықтым десе де болады. Иә,  бұл әнді екінің бірі айта бермейді. Оның үстіне, “Әлия” әнін Роза апайдың ұлы Әли Оқаповтың алдында айтқаннан кейін өзіме үлкен мәртебе санадым. Роза Рымбаева Әли арқылы менің видеомды көріп, жолыма сәттілік тіледі. Соған өте қуаныштымын.  Болашақта әкемнің арманын орындағым келеді”, – дейді Ұлпа Жұмабек.

Алдағы сенбіде Ұлпан үшін ерекше сынақ болайын деп тұр. Қос жанрдағы екі бірдей әнді ел алдына алып шықпақ. Бірінші көрермендерді киноның мөлдір әуенімен тамсандырып, одан кейін тойда айтылатын әндердің каверін назарларыңызға ұсынады. Оны таза иструментпен тірі музыканың сүйемелдеуімен тірі дауыста орындап шығады. Бұрынғыдай қауіпті аймақ деген енді болмайды. Қатысушылар көрермендердің көп дауыс беруі арқылы  өтеді. Сол себепті жерлесіміз үшін әр дауыс маңызды. Жерлесімізді қолдап дауыс берейік!

 

Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу