Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының “Орталық” өңірлік қолбасшылығына қарасты Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінің сарбаздары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде қырағылық танытты.
Бұл туралы ҚР ІІМ Ұлттық ұланы “Орталық” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
2025 жылдың 2 қаңтарында қатардағы сарбаз Владимир Ославский бастаған жасақ құрамындағы Рахат Күзембаев пен Вадим Голиян қызмет атқару барысында қала көшелерінің бірінен “VIVO” маркалы ұялы телефонды тауып алды.
Сағат 18:20 шамасында табылған телефонның иесін іздеу мақсатында сарбаздар дереу әрекет етіп, 25 минут ішінде телефон иесін тауып, затын қайтарып берді.
– Ұялы телефонымды көшеде серуендеп жүріп түсіріп алғанымды үйге жақындағанда ғана аңғардым. Телефоным өте маңызды болатын, қатты уайымдадым. Бірақ сарбаздардың телефонды тауып, маған қайтарғанына шексіз ризамын, – деп бөлісті телефон иесі.
Қала тұрғыны Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне шынайы алғысын білдіріп, олардың адалдығы мен жоғары жауапкершілігін атап өтті.