Осы жылдың наурыз айындағы дерекке сүйенсек, 8,5 млн-ға жуық қазақстандық банк пен микроқаржы ұйымдарына қарыз. Ал оның 1,6 млн-ға жуығы несиелерін уақытылы төлей алмай жүргендер.
Үш айдан астам мерзімге кешіктірілген қарыз көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп отыр. Ал Ұлттық банктің дерегі бойынша, Қостанай облысының 49 550 азаматы 90 күннен артық мерзімде қарыздарын өтей алмай жүр.
Былтыр бастау алған «Қарызсыз қоғам» жобасы өз тиімділігін көрсетіп, биыл да «Қарызсыз қоғам 2.0» болып жалғасын тауып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділ Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын атап өткен еді. Ал бұл бағытта AMANAT партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асырып келеді. Негізгі көздегені – ел азаматтарының қарыздан арылуына көмектесу.
«Жоба Үкіметтің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, облыстар мен қалалар әкімдіктерінің қолдауымен іске асырылады. Жоба шеңберінде қаржылық сауаттылығын арттыруға, жеке қаржыны басқару жағдыларын дамытуға көмек көрсетіледі. Тыңдаушылар жеке кеңестер алып, сондай-ақ түрлі мәселе бойынша заңгерлердің көмегіне қол жеткізеді», – дейді Қостанай облысы әкімдігінің қаржы басқамасы басшысының орынбасары Мәулен Сұңқаров.
Мұның сыртында, бұғатты шешу, берешекті қайта құрылымдау, соттан тыс және сот банкроттығы, төлем қабілетін қалыпқа келтіру, алаяқтық дерегі бойынша да көмектер беріледі. Оқытуды іріктеу байқауынан өткен білікті қаржы кеңесшілері жүргізеді. Былтыр өңірде 10 690 тыңдаушыға сертификат берілген. Ал осы жылы 14 600 адамды оқыту көзделіп отыр.
«Осы жылдың ақпан айында жобаның екінші кезеңі басталды. Форматына да өзгерістер енгізілді. Енді 90 күннен артық уақыт бойына несиесін төлей алмай жүрген адамдар оқытылады. Қостанай облысы бойынша офлайн форматта 300-ге жуық адам оқудан өтті. Көбірек мүдделі азаматтарды тарту үшін 2025 жылғы 12 наурызда басталған онлайн форматта оқыту жүйесі енгізілді. Барлық сарапшылар мен заңгерлер онлайн-платформада жұмыс жүргізіп жүр. Ол үшін Qogamfin.kz. онлайн оқыту бағдарламасы әзірленді. Тақырыптар бекітіліп, 45 бейнеролик әзірленді», – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Ескерте кету керек, сіздің қарызыңызды бұл жерде ешкім төлеп бермейді. Тек банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша проблемалық берешекті реттеуге жәрдемдеседі. «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Рүстем Шәріп қазіргі таңда Рудный қаласында тыңдаушыларға дәріс беріп жүр.
Қосымша аудандармен байланыс ұстап, онлайн форматта да сабақ береді.
«Жоба өз жұмысын біздің өңірде өткен жылы бастады. Басты назар халық арасында қаржылық сауаттылықты арттыруға аударылады. Бұл адамдарға ақшалары мен несиелерін жауапкершілікпен басқаруға көмектеседі. Жоба қаржылық сын-қатерді азайту және дағдарыстардың алдын алу үшін білім мен қаржылық құралдар ұсынып, әр тұрғынның экономикалық әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Жоба барысында азаматтарға қаржыны қалай тиімді пайдалану керек, шектен тыс несие рәсімдемеу жолдары сынды әдістерді үйретеміз. Үкімет AMANAT партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтті. Оған дәлел, енді мектеп бағдарламасына қаржылық сауаттылықты көтеру сабағын енгізу туралы шешім қабылдады», – деп атап өтті Рүстем Шәріп.
Ал нақты нендей көмек көрсетіледі дегенге келсек, құжаттармен танысу және мәселені шешудің ықтимал жолдарын ұсынады. Қарызды қайта құрылымдауға жәрдемдеседі. Ол дегеніміз, мерзімді ұзарту, жаңа төлем кестесін жасау, қайта қаржыландыру. Егер несие беруші өтініштерге жауап бермесе немесе қарсы шықса, уәкілетті органдарға шағым беру жолдары көрсетіледі. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға да болады.
Яғни, жеке тұлғаның банкроттығы туралы өтініш беру және одан әрі заңгерлер тегін көмек көрсетеді. Қосымша, шоттарға қойылған бұғаттарды алып тастау және бұғатты шешу, нотариустың атқарушылық жазбасын соттан тыс жою, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен дауларды шешуге жәрдемдеседі.
Басқа заңгерлік қызметтер, яғни, талап-арыз дайындау және оны сот кабинеті арқылы беру, өтініш жобаларын әзірлеуді үйретіп, көмектеседі. Ең бастысы бұл қызметтердің барлығы тегін.
Сералы МЫРЗАБАЙ