Қарасу ауданына қосымша күш Семей қаласынан әскери қызметкерлер көмекке келген. Әскерилер қазірден қам-қарекет жасап, қапқа құм толтырып, қорғаныс бөгет жасап жатыр.
Ал Арқалық қаласы мен Аманкелді, Жанкелдин аудандарына жағдайды бақылап, дер кезінде көмек беру үшін құтқарушылар мен арнайы техника жіберілген. Өзге аймақтар да жіті бақылауда. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Қостанай облысының ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев айтып берді.
«Былтыр су тасқынына қарсы 111 әрекет жоспарланған болатын. Соның 96-сы жүзеге асырылды. Тобыл қаласының Қостанай ауданындағы қорғаныс дамбасы күшейтіліп, Арқалық қаласы, Солтүстік кентінде жаңбырлы су жүргізу жүйелерінің құрылысы жүзеге асты. Сонымен қатар, 4 көпір, 2 су қоймасы, 2 бөгет және 6 дамба жөнделді, 14 жаңа су өткізгіш құбыр орнатылды, 39 шақырымдық жаңбырлы су жүйесі жөнделіп, тазартылды. 2 мыңға жуық су өткізгіш құбыр, 18,6 км ұзындықта 9 су ағатын арна және 32 арық, жалпы ұзындығы 18 км тазартылды», – дейді Өміржан Бауыржанұлы.
Торғай өңірінде былтырғы жағдай қайталанбас үшін бар әрекет жасалып, жеке бақылауға алынған.
«Қостанай қаласынан Арқалық қаласы, Жанкелдин және Аманкелді аудандарына ТЖД жеке құрамынан 77 адам мен 28 техника бірлігі бар үш топ құрылып, жіберілді. Бұл топтар қазіргі жағдайды мониторингтеу, халықпен профилактикалық жұмыстар жүргізу, су өткізу құрылғыларын, арықтарды, каналдарды, аула аумақтарын қар мен мұздан тазарту жұмыстарын жүргізеді. Семей қаласынан 68303 әскери бөлімнің инженерлік техникаларымен келген жеке құрам Қарасу ауданындағы Жамбыл ауылында қорғаныс дамбасын нығайту үшін құм толтырылған қаптар төсеп жатыр», – дейді мамандар.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА