Авторы – Қолан Аманов. Өткен ғасырда Қостанай облысының мемлекеттік банкінің аудандық бөлімінің басқарушысы, облыстық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған, кейін ел қаржы министрінің орынбасары деңгейіне дейін көтерілген тұлға. Оның бір артықшылығы — бірнеше көркем прозалық туындыларының авторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.
Өмірбаяндық «Үрей» көркемроманның біссіміләсі аштық жылдарынан басталады. Басы кейіпкер Есеннің анасы Айымбүбінің айтуымен келіні Тотыгүлдің әке-шешесінің жағдайы нашар деген хабарды естігесін баласы Есенді талқан, бидайын беріп, аулына жібереді. Барса ата-енесі өлмелі халде, аштықтан бұралып жатыр екен.
Содан соң анасының сіңлісі Кенжегүлдің үйіне барады. Есігін ашқанда асылып жатқан қара қазанның қақпағының астынан адамның сирағын көріп қалады. Есен шошып, кірмей кері аулына келеді. Жол-жөнекей шашылып аштан өлген адамдардың сүйектерін көріп шошынып әрең жетеді.Ашаршылық жылдарында бірінің етін бірі жегені туралы талай естеліктерден оқыдық. Сондай шындықтың бірі осы шығармада тағы алдымыздан шықты. Оқиға сендіреді.
Мал-жанын тартып алып қолдан жасаған ашаршылықтың зардабын қарапайым мысалдармен-ақ баяндайды, суреттейді. Әсіресе, колхоз құруүшін күштеп ұжымдастыру халықты жаппай ашаршылыққа алып келді. Бай-құлақтардыңмалын ғана емес, кедей-кепшіктің де малын,астығын тартып алу, колхозға күштеп кіргізу секілді зорлық-зомбылық ұйып отырған халықтың сенімін жоғалтты. Піскен астықтан халыққа түк бермей түгел сыпырып өкіметке өткізіп, ел-жұртты аштыққа ұшыратты.Осындай кезде Есен тұқымдық астықтың бір бөлігін еңбеккүн ретінде ашыққан халыққа таратып беріп, қырылудан аман алып қалды. Міне осы кезде Есеннің туған нағашысы(анасының ағасының баласы) Құрбанқұл жиенінің оның үстінен АРЫЗ жазып, Совет өкіметінің нағыз жауы, қоғамға аса қауіпті адам деп көрсетеді.Содан жаламен Есен ұсталып, түрмеге қамалады. Оны тергеуде ұрып-соқты, Зорлап мойындатқысы келді.
Бірақ ер мінезді Есен айтқанынан қайтпады. Бәрібір оған ату жазасына үкім шығарады, бірақ ауылдастары жаппай өтініш жазып жүріп, өлім жазасынан ауыстырып оны он жыл түрмеге ауыстырады. Сөйтіп нақақтан-нақақ «халық жауы» атанып небір қорлық-зомбылықты, қиянат -азапты бастан кешіреді. Оқушыны магниттей тартып, туындының желісі шиыршық ата оқиғалармен өрби береді.
Таяуда Қостанайдағы облыстық Л.Толстой атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында осы романның қазақ және орыс тіліндегі кітаптарының таныстырылымы болып өтті. Оған автордың (2019 жылы көз жұмған) Алматы қаласында тұратын қызы Жанар Қоланқызы Бердалина мен туындының аудармашы әрі редакторы Қарылғаш Қалтаева арнайы ат терлете келіп, оқырмандармен кездесті. Кездесуде Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанұзақ Аязбеков пен Жанар Қоланова жаңа басылымдарың лентасын қиды.
«Мен бұл кітапты бір деммен оқып шықтым десем де болады. Сыры неде десем, бар құпиясы да қарапайым, шығарманың өзегінде жатыр екен. Ол – өмір шындығы. Шындық болғанда да қасіретті де қасиетті шындық. Ұлтымыздың тағдыршешті шындығы», – дей келе Жанұзақ Аязбекұлы шығарманың артықшылықтары мен мән-маңызына тоқталды.
Бұдан кейін осы кездесудің бастамашысы әрі демеушісі Жанар Қоланқызы:
«Роман қазақша жазылған, әкемнің бастан кешкен тағдыр-талайы.Туындының өмірбаяндық болғанымен көркем болып шыққаны әкемнің осы кітапқа дейінгі төрт кітабы көркем әдеби шығармалары болатын.Сондықтан да өмір шындығы көркем шындыққа тартымды қалпында дүниеге келді», – деп Жанар шығарманың қалай жазылғаны хақында өз естеліктерімен бөлісті.
Бір ұнамдысы – шығып сөйлегендердің дені романды толық оқып шығып, айрыұша әсерге бөленгендер. Айталық «QаzZabil Qostanay»ұлттық лицейі директорының орынбасары Сәрсенбек Бақытұлы мен ақын-жазушы Александра Суслова, танымал тележурналист Гүлжібек Бекмұхамбетова алған тартымды әсерлерімен бөлісті.
Роман – бұл небір зұлмат-зобалаңды көріп,бастан кешсе де сынбаған,ар-ұятын сақтап қалған Есен секілді арда азамттардың өмірі. Шығарма кейіпкері Құлан өмірдегі екі өшпес өкінішін айтады.Біріншісі – өзінің ата-тегін, әке-шешесінің кім екенін айта алмай қор болуы. Екіншісі — жүректен шыққан махаббатын ,сүйген адамына кесірім тимесін деп өз сезімі құрбан ету. Роман-кешегі қиянат көріп,жапа шепкен аға ұрпаққтың рухына қойылған РУХАНИ ЕСКЕРТКІШ іспетті.Сондықтан замандастар өткен тоталитарлық дәуірдің жалған саясаты туралы тарихи шындықты білуі керек. Болашақта мұндай қайғылы жағдайды болдырмас үшін тарихтан сабақ алу керек.
Кітапхана директоры Сәния Серікқызы Бұзаубекова кездесу қонақтары мен қатысушыларға кешке деген айрықша ынта-ықыласы үшін алғыс айтты. Алматыдан келген қонақтарға ескерткіш сыйлықтармен ризалығын білдіріді.
Ж.Айтбайұлы,
Қостанай қаласы