Облыстағы алпауыт кәсіпорынның бірі «Allur» зауытының атағы шетелде де кеңінен шығып жүр. Оған дәлел зауыттың жетекші жүйе әкімшісі Глеб Сауленконың кезекті жеңісі. Кезекті деуіміздің реті бар. Себебі ол елімізде республикалық WorldSkills чемпионатында да жеңіс тұғырынан көрінген болатын.
Бұл жолғы жеңістің жөні бөлек. Ел намысын Данияда өткен EuroSkills халықаралық байқауында абыроймен қорғаған Глеб, кәсіпорынның білікті қызметкерлерден жасақталғанын тағы бір мәрте дәлелдеді десек артық емес.

Біліктілер сайысы қыркүйек айының ортасына қарай өткен болатын. Отыздан аса елден, алты жүзге жуық жас маман жиналған. Ел тарихында бірінші рет бұрын соңнды болмаған оқиға орын алып, құрама бірден жеті медальонын алып келді. Ал осы жетістікке үлес қосқандардың құрамында кәсіпорын қызметкері Глеб Сауленко бар.
Білікті маман жеңіске жету жолында жігер беріп, қолдау көрсеткен барша әріптестеріне алғысын жеткізді. Ерекше құрметті тәлімгеріне білдіреді. Сөзінше, колледж қабырғасында оқып жүргенде ұстазы бұл бағытта көп қолдау көрсеткен екен.
«Бұл жарыстар мен үшін жаңа бастамалар мен кәсіби шеберлігімді шыңдауға ерекше тәжірибе болғаны рас. Алдағы уақытта білімімді тереңдетіп, кәсіби біліктілігімді артыруға күш жұмсаймын», – дейді ол.
Жеңіспен елге оралған құраманы бұрынғы ҚР Оқу-ағарту министрі құттықтап, бұл нәтижені техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жаңғыруының нақты дәлелі деп атап өткен еді.

Зауыттың бетке ұстар қызметкері бұнымен тоқтап қалмақ емес. Осындай беделді жарыстарда шыңдалып, зауыт абыройын ары қарай асқақтату жолында тер төге бермек. Оған кәсіпорын тарапынан да қолдау мол.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған «Allur» кәсіпорнының баспасөз қызмет
