Абай Дүйсеновтің есімі ұзынкөлдіктерге жақсы таныс. Өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, егін егумен айналысты.
Ол 1958 жылы мектепті аяқтаған соң, қысқа жіп күрмеуге келмей, институтқа оқуға түсуге мүмкіндік болмайды. Десе де, бос жүрмей жүргізушілерді дайындайтын оқуды 6 ай оқып, меңгеріп шығады. Осылайша еңбек жолын жүргізуші болып бастайды.
“Мектепті бітірген соң институтқа түсуге жағдай келіңкіремеді. Ол кезде бос жүру деген жоқ, ауданда жүргізушілерді оқытатын алты айлық курска қатысып, 1959 жылдың наурыз айына дейін оқып шықтым. Оны аяқтаған соң Ершов ауылындағы автомобиль базасында жүргізуші болып жұмыс істедім. Онда жүрген жылы қараша айында әскер қатарына алындым. Ол кезде мерзімі үш жыл болатын. 1962 жылы әскерден келген соң ғана Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік институтының “Өсімдікті қорғау” факультетіне оқу түстім”, – дейді кейіпкеріміз.
1967 жылы оқуды бітіріп, Қостанай облысына жолдамамен жұмысқа жіберіледі. Ол кезде Ленин, қазіргі Ұзынкөл ауданындағы ауыл шаруашылығы басқармасында аға агроном болып қызметке келді. Бес жыл істегеннен кейін 1972 жылы Ленинградқа оқуға жібереді. Ол жақта Бүкілресейлік өсімдіктерді қорғау ғылыми-зерттеу институты бар еді. Қостанай облысынан барып 6 айлық қысқартылған оқуын аяқтайды. Институтты бітіргеннен кейін облысқа қайтып келіп, жаңадан ашылған аудандық өсімдікті қорғау станциясының бастығы болып шыға келді Содан 1999 жылға дейін аттан түспеген Абай Нұханұлы Қазақстан бойынша қайта ұйымдастыруға тап келді. Аудандық аумақтық басқару болып қайта құрылғанда, сол мекемеде өсімдікті қорғау және карантин деген бөлімді басқарды.
Қазіргідей ауыл шаруашылығы техникасы дамымаған заманда, өздеріне ізденуге тура келді. Жаңасын сатып алуға мүмкіндік аз, сол себепті бұзылған техниканы қолда бар дүниемен жөндеп шығу керек. Ауыл шаруашылығы техникасының тілін меңгеру үшін қасына бір механизаторды ертіп Украинаға аттанады.
“Украинаның Льбов қаласына барып, есептен шыққан комбайндарды мехниазатор жігіт екеуіміз шашып-құрап зерттеп келдік. Елге оралған соң Ұзынкөл ауданында бас агрономдарды, механизаторларды жинап облыстық семинар өткіздік. Онда Украинадан үйреніп келген тәжірибемізбен бөлістік. Яғни комбайнның қозғалтқышының ішкі бөлігін қалай жөндеу керегін семинарда айтып, сызып көрсетіп бердік”, – дейді Абай Дүйсенов.
Ол кезде де қазіргідей егіс алқабында ауқымды жұмыстар жасалатын. Жәндік, шегірткелерді улау да бір жұмыс еді.
“Біздің алқапта егістікте ағаш өсіп кететін. Арам шөптерді, жәндіктерді жер үсті бүріккіш аппаратурасымен гербецит сеуіп күйдіретінбіз. Бұл гербецит тек арам шөпке ғана емес, түрлі аурудың бетін қайтаратын. Украйнаның Льбов қаласында егістік дақылдарын химиялық өндеуге арналған ОВТ-1 деген желдеткіш бүрккіш жасайтын зауыт бар еді. Ол бүріккішті екінің біріне бермейді. Аудан басшыларының атынан хат жазып тұрып, біреуін алдырттық”, – дейді кейіпкер.
Айтуынша, өзге аудандарға басшылық және басқа да қызметке шақыртулар түскен. Бірақ Абай Нұрханұлы туған жері, өскен ортасына қызмет етемін деп шешім қабылдаған.
“Басқа аудандарға директор, бас агроном қызметін ұсынып шақыртулар түсті. Бірақ бәрінен бас тарттым. Өзім бірнеше жыл оқып бітірген өсімдік қорғау саласында қызмет еттім. Ол кезде бұл салада мамандар тапшы еді. Жан-жаққа кетіп қалсақ, бұл сананы кім ілгерілетеді. Соны ойлаған болуым керек”, – дейді Абай Нұрханұлы.
Құрметті зейнет жасына шыққанша мамандығы бойынша ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етті. Кейін сақтандыру компаниясында он жылдан аса қызмет істеді. Маңдай тер, еткен еңбек бағаланып облыстан, тіпті Қазақ КСР-нің Жоғары кеңесінің Құрмет грамотасына ие болды. Жары екеуі бір ұл, бір қыз өсірді. Майталман маман 17-шілдеде 85 жасқа толып отыр. Абай Нұрханұлы өміріне дән риза. Бүгінде ауданға сыйлы ақсақал, әлі ширақ. Жиындарға қатысып, қоғамдық өмірден бір елі алшақтаған емес.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті ұсынған – кейіпкердің өзі