Пауэрлифтингтен ІV Жазғы Пара Азия ойындарының күміс жүлдегері Тұрсынай Қабыл Қостанайға оралды.
Спортшыны жанкүйерлері мен әріптестері құрмет-қошеметпен күтіп алды.
“Жеңіске қол созымдай ғана сәттілік жетіспей қалды. Қарсыластарымның барлығы шеттерінен мықты, үлкен дайындықпен келген. Нағыз жан алысып, жан беріскен бәсеке болды. Намысқа тырысып, тегеурін танытып, жалпы есепте екінші тұғырдан көріндім. Отаныма, туған жеріме күміс медальмен оралғаныма қуаныштымын”, — деді Тұрсынай.
Жүлдегер бір апта демалып, алдағы байрақты бәсекелерге дайындықты бастауды жоспарлап отыр. Ел қоржынына әлі талай олжа салатынына бек сенімді.
Айта кетейік, Жазғы Пара Азия ойындары Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында өтіп, күні кеше ғана аяқталды.
Жандос ЖҮСІПБЕК