Қостанай қаласындағы Көбеев көшесі мен Қобыланды батыр даңғылының қиылысында салынып жатқан тоғыз қабатты тұрғын үйдің қабырғасы сөгілген сияқты деп тұрғындар шуласуда. Көпшіліктің назарын аударған бұл құрылыстың жағдайына біз де алаңдаулымыз.
Аталған нысан 2020 жылдан бастап салынып жатыр. Алғашында құрылысты “Ақтөбе Сәулет” ЖШС мердігер ұйымы қолға алған еді. Аяқсыз қалған жұмысты қазір “Регалит” ЖШС жалғастыруда. Жылдан жылға жалғасқан ұзақ мерзімді құрылыс нысанын биылғы шілде айында тапсыру міндеттеліп отыр. Қала тұрғындары көп қабатты тұрғын үйдің қабырғасы қисайып кеткен деп топшылауда. Қазақстан құрылысшыларының одағы Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Уәлихан Нысановтың айтуынша, тұрғындардың “қабыр-
ға сөгілді” деген құбылысты құрылыс саласында деформациялық жік деп атайды екен. Мұндай деформация ауа температурасының құбылуынан, сейсмикалық жағдайлардан, жер беткейіне түсетін жауын-шашынның ықпалынан және қауіпті салмақ түсіретін басқа да әсерлерден пайда болады. Деформациялық жік ғимаратқа, құрылысқа серпімділік қасиет береді. Қабыр-
ғадағы жікті бітеу үшін тығыз материалымен толтырылады. Ендеше, мұндай жіктен қорқудың қажеті жоқ-мыс.
Естеріңізде болса, 2018 жылы қаладағы “Юбилейный” шағын ауданында екі үйдің қабырғасы жарылып, оқиға қоғамда резонанс тудырған болатын. Үйдің сырты шынымен де жарылып, құлай бастағанда бірнеше рет сараптама жүргізілді. Нәтижесінде, құрылыс-тың жобасы бастапқыда дұрыс жасалмаған және сапасыз кірпіш қолданылған деген сияқты әртүрлі ойлар айтылды. Сотқа дейін сүйреген бұл оқиғаның соңында тапсырыс беруші мен мердігер бірлесіп, қабырғасы сөгілген үйлердің іргетасын бұзып, қайтадан салды. Қостанайлықтар болашақта осындай жағдай орын алмасын деп тілейді. Сол себепті Көбеев көшесі мен Қобыланды батыр даңғылының қиылысында салынып жатқан тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысына алаңдаушылық танытуда.