Өңірімізде Марал баба атындағы қасиетті ордамыздың 130 жылдық мерейтойы қарсаңында ұрпаққа үлгі болар үлкен рухани іс атқарылды. Ол жайында газетіміздің өткен сандарында жазған едік. Енді, міне, сауын айтылған жиында аймағымызға, Қазақстан мен көрші Өзбекстанға тараған Марал ишан ұрпақтары жиналып отыр.
Марал бабаның үлкен ұлы Қалқай ишаннан тараған Батырхан ишанқызы Хатзада мен Қауыс ишанұлы Смағұл, Әмит ишанның немересі Мұхамедхан, Есей бабамыздан тараған Сүлеймен ишанның келіні Құралай, Меккеде жерленген Сәруар ишанның немересі Рахметолла (Ташкент қаласы), осы өңірден Мырзабек, Нұрхан ақсақалдар, Елібай бабамыздан тараған Үндемес, Жүнісхан ишандардың ұрпағы Ноғай, Шәмші ишаннан Салиха бастаған барша үлкен-кіші туыстар Қостанай жеріндегі ағайын-жұртқа ас берді. Елдің игі жақсыларына сый-сияпат жасады.
Мақсұт Әбуұлы, Ермек Нұғыманов, Есілбай Хамзаұлы, Мұрат қажы Нұрсейіт қатарлы елге белгілі азаматтар, тәуелсіздік алған жылдары облысымыздың алғашқы бас имамы қызметін атқарған Асқар қажы Мұсаұлы, «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының директоры Амангелді Еренғайып, «Ж» әрпінен мың жол дастан жазған ақын, «Президент саясаты» журналының бас редакторы Қанат Сапарбай арнайы мейман ретінде шақырылды.
Мерейтой аясында ұйымдастырылған шаралардың бірі – веломарофон. Кәрі-жас демей екі дөңгелекті темір тұлпарын тізгіндегендер имандылық ордасынан Ы.Алтынсарин кесенесіне дейін 21 шақырымды жүріп өтті.
Осы жылы сәуір айында ақындар мүшәйрасы жарияланған болатын. Тақырып – Ислам ағартушылығы дәстүрінің көрнекті тұлғасы Марал ишан бабаның өмір жолы мен қызметінің өзекті арнасын өлең өзегі ету. Сайыс нәтижесі бойынша Батырлан Сағынтаев Жұмабайұлы танылып, 500 мың, ал 2-орынға белгіленген 300 мың теңгені Дәулет Жадырасын иеленді. 3-орын иегері танылған Ақылбек Шаяхметке 200 мың теңге табысталды.
Мерейтой барысында маңызы бар үлкен рухани іс-шара – ҚМДБ Қостанай облыстық өкілдігі ұйымдастырған қарилар арасындағы аймақаралық құран жарысы. Онда Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Абай облыстарының кәлім-шәріфті толық жаттаған 13 өкілі бақ сынасты. Сайыс нәтижесі бойынша құранның 30 парасын жатқа оқудан І орынды Павлодар облысынан келген жас қари Аліби Бөрібаев иеленіп, оған 1 миллион теңге табысталды.
ІІ орынды да Кереку өңірінен қатысқан Гиесжан Абдикадиров (700 мың теңге) және ІІІ орынды Қостанай облысының қариы Сұлтан Нұрмахамбет (500 мың теңге)иеленді. Қалған барлық қатысушыларға 500 мың теңгеден ақшалай сыйлық тапсырылды.
Бұл күнгі тағы бір шарапатқа толы шара – қайырымдылық акциясы. Көп балалы, тұрмысы төмен 130 отбасыға жәшіктерге толтырылған азық-түлік таратылды. Осы және жоғарыдағы аталған барлық сайыстарға Марал баба ұрпақтары демеушілік жасап отыр.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Мешіт – мейірімділік мекені» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев құттықтау сөзбен ашып, аймақ басшысының ықыласын жеткізді. Іс-шара барысындажуырда жарық көрген «Марал ишан атындағы Ақ мешіт» атты танымдық-тағылымдық кітаптың тұсаукесері өтті. Жинақты АманжолКүзембайұлы, Серікбай Оспанұлы, Ақылбек Шаяхмет, Оразалы Жақсанов қатарлы белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар құрастырған.
1989 жылы облыстық «Қазақ тілі» қоғамы құрылғаннан бастап, мешіт ғимаратын халыққа қайтару туралы әңгіме қозғала бастады. Ынталы топтың құрамында Қостанай ауданында тұрған халық ақыны Өтеміс Қалабаев, Қостанай қаласының тұрғындары Смит Жармағамбетов, Ғабиден Тәжібаев, Жүніс Мұсабаев, Рудный қаласының тұрғыны Омар Төртбаев, «Шаңырақ» корпорациясының президенті Уәлихан Айтмұхамбетов, кәсіпкер Серік Нұрханов, ақын Ақылбек Шаяхмет, тележурналист Мұхтар Қажымұратұлы, жергілікті молда Абдулхамит Өтенов, қазақ және татар азаматтары болды.
«1991 жылы Қостанай облыстық атқару комитетінің кіші залында тіл жанашырлары мен діндарлар жиналып,өз ұсыныстарын білдіргеннен кейін облыс басшылығы ұсынысты қолдайтынын айтты. Көп ұзамай мешіт ғимараты мұсылмандарға қайтарылды», – деді көрнекті ақын, драматург, ғалым Ақылбек Шаяхмет.
Марал бабамыз бен әулиеден тараған буындарға қатысты құжаттар бірқатар мұрағаттарда бар, қасиетті аталарымыздың жәдігерлері мұражайларда, ұрпақтарының қолында сақтаулы. Ал, дін қайраткерлері дара қасиеттерімен, емшілігімен, шарапатымен ғана танылған жоқ. Олардың арасынан ақын-шайырлар да шыққан. Бұрынғыдан қалған араб, шағатай тілдерінде жазылған тарихымызға қатысты діни-танымдық қаншама еңбектері қалды. Ал оларды аударып оқитын мамандар жоқтың қасы. Менің ұсынысым – еліміздегі облыс орталықтары немесе ірі қалалардағы мемлекет қарауындағы музейлердің бірінен Марал баба мен ұрпақтарының мұраларын топтастырған арнайы зал ашылса», – деді Академик Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Есмұхан Махметов.
Кенжетай Байкемелұлы, ҚМДБ өкілі, Бас мүфтидің кеңесшісі:
Бір мақаладан «Қазақ – тарихын мазармен бекіткен ел» деген жолды оқығаным бар. Естіген құлаққа жағымсыз жетеді. Ал үңіліп қарасақ, бабаларымыз сыртта жүріп шейіт болған батырын, ақынын, әулиесін жат елде қалдырмаған. Қай өңірде аруақты ерлеріміз бен ел аузында қалған аналарымыз жатса, сол елдің иесі де өзіміз екені ақиқат. Марал бабамыз теріскейдегі Қостанай жерінде туып, күнгейдегі Сыр бойында жатуы Қазақ жерінің ортақ тумасы екенін айғақтайды.
Серік Омаров, кәсіпкер,Марал баба жұрағаты:
Бүгінгі шара Қазақ жеріне ғана емес, күллі мұсылман халқына ортақ той. Оған жер-жерден жиналған ұрпақтарымен қоса, қаншама зиялы қауымның басқосуы дәлел. Біз осы жиын арқылы Марал ишанның ел білмейтін кереметтеріне куә болып отырмыз. Мұндай басқосу халқымыздың бірлігін нығайтып, келешек буынға мол өнеге береді деп сенемін.
Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ.