Қазан айының үшінші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкерлері күні. Науырзым қорығында биыл судың қоры мол болды. Көлдердің арнасы толып, көптен көрінбей кеткен аң мен құс қайта саялады. Бар саналы ғұмырын орман тірлігіне арнаған орманшы Рахан Бекенов осындай көрініске қатты қуанады. Қорықтағы бар тіршілік көз алдында.
Бала кезден әкесінің қасында еріп жүріп, әр тастақ жолды, тіптен әр қарағайдың тарихын жадында жаттап өсті. Бір өзі емес, тұтас отбасы династиясы Науырзым қорығының тұмса табиғатын қызғыштай қорыды. Әкесі Өтебай, оның әкесі Бекен ата да осы сүрлеу жолдармен жүріп өткен. Енді, міне, кезек Рахан ағаға да келді. Бір салада адал еңбек атқарған қорықшының есімі Науырзым өңірінде жақсы таныс, көпке үлгі. Бозбала шағын орман арасында өткізген кейіпкеріміз зейнетке шықса да туған жерін қиып кете алмай отыр.
Науырзым ауданы Шолаққопа ауылының тумасы жуырда бейнетінің зейнетін көруге шыққанына да көп бол қойған жоқ. Бар-жоғы екі ай ғана. Бірақ орманшылық кәсібін әлі де болса тастамаған. Баяғы әкелердің ізімен ол да алысқа көз тігеді, орманды күзетіп, тыныштығын сақтайды.
«Зейнеткерлікке шыққаныма екі айдан асса да орманды тастаған емеспін. Ауылымыз бұрын қандай еді, шіркін-ай! Қаншама тұрғыны бар болатын. Қазір сол тұрғындардың бәрі көшіп кетті. Бір ауылда бір өзім отбасыммен ғана тұрып жатырмын. Ауылда бар ғұмырым өтіп жатқанына да шүкір деймін. Балаларымды осы еңбектің арқасында жеткіздім. Бәрі де өмірден өз орындарын тауып, үйлі-баранды болып кеткен. Үпір-шүпір немерелеріммен орман ішін аралаймын. Бұл жер олардың да туған мекені», – дейді Науырзым қорығының инспекторы.
Ата жолын Раханмен Бекеновпен қоса екі інісі Оразхан, Нұрлан да қуды. Нұрланның ұлы да орманда еңбек етіп келе жатыр. Осылайша орманшылық кәсіп бүгінде төрт атадан жалғасын тапты.
«Әкеміз Өтебай мен Бекен атамыз да осы Науырзым қорығында еңбек еткен. Атам өмірден өткен соң оның орнына баласы Сыпсың деген жерде орманшы болған. Осы жолды біз, балалары жалғап келеміз”, – дейді Рахан орманшы.
Рахан Өтебайұлы алты жасынан ескі Науырзымдағы мектепке барды. Мектепті бітірген соң әскерге алынды. Елге оралып шаңырақ көтерді. Содан бері сол ауылдан қия басып ұзаған емес. Қазіргі таңда қызды қияға, ұлды ұяға қондырған немерелі ата-әже болды.
Бала кезінде марқұм әкесінің қасынан бір елі қалмай еріп жүретін еді. Ол кезде көлік те жоқ. Ат арбасына мініп алып, бар жұмысты тындыратын. Ертемен көл басына барып, құстардың ұя салғанын бақылайды. Оларға санақ жасайды. Қыста атшанамен бүршік теретін. Сол кезде әкесіне қолғабыс етіп, ағаш егу үшін бүршік жинайды. Қысқы аяздарда дала доңыздары азық таба алмағанда оларды өлтіріп алмаудың камын екеулеп ойлаушы еді…
«Ол кезде атшанамен жем таситын. Алдымен құйып, жемді салып аламыз. Орманшының міндеті кез келген уақытта ауыр. Жүктелген жұмысы оңай емес. Ең алдымен тілсіз жауға жол бермеуіміз керек. Үнемі бақылауда ұстап, аң-құстың тыныштығын сақтайсың. Одан қалды орманға келген адамдар да аз болмайды. Олар көбіне ата-бабаларының басына зиярат етуге келеді. Соларға жол көрсетеміз. Өрт қауіпсіздігі туарлы ескертіп отырамыз. Кез келген қорыққа келген адамға біз жауаптымыз”, – дейді қорықшы.
Әсіресе, жаз кездерінде тілсіз жау өрттің, майлы қарағай ағашын жиі маңайлайтынын, сондықтан көктен түскен найзағай ұшқынын бірінші болып байқап, өрттің алдын алу осы өздеріндей табиғат сақшыларының қырағылығының арқасында болады. Осы еңбектің арқасында түрлі сый-сияпатқа да ие болған ағамыз туған жерден ешқайда жырақтағысы жоқ. Бала кезден табиғатқа жақын жан тұрмыстың еш қиындығына қарамай көшпей отырған жайы бар.
«Шіркін, туған жердің ауасы қандай, жусанның иісі, табиғаты тіптен ерекше. Қасиетін еш сөзбен жеткізе алмайтын шығармын. Қанша жаңбыр жауса да жері ешқашан батпақ болмайды. Әрі қарай жүргенде жердің құнары өзгермесе, нағыз Науырзымның жері еш лайланбайды, су жерге сіңіп, құмы еш жабыспайды. Қара орманымызда екі адамның құшағы жетпейтін жасы ғасырдан асатын қарағайларымыз бар. Орманның ішінде бұлан, қасқыр, түлкі, борсық, дала иті, елік, сайғақтар жетерлік. Шүкір, биыл қорық аң-құсқа толды. Осы сұлулықты уақыттары ұялы телефонда өтіп жатқан біздің жастарға көрсетсе өмірлері де өзгерер ме еді…», – деп балаша қуанып, күрсініп алды.
Науырзым қорығында жыртқыш құстарымыздың өзі қаншама. Бүркіт, ителгі, қарақұс, күйкентай, жағалбайлардың да қаншама түрі бар. Арасында мұнараға шығып маңайды өрт шалмаса екен деп қарап отырады. Осынша әдемілікті, байлықты сақтап отыру орманшының қалтқысыз міндеті. Қауіп төне қалған жағдайда тезірек алдын алуға барын салады.
Орман ішін көбіне атпен аралайды. Атты адам табиғатпен тілдесе алады. Айнала мүлгіген тыныштық. Аң-құстың дыбысын бақылап, таңмен таласа атқа қонып, орманды кезеді. Қиындығы мен жауапкершілігі қатар жүретін мамандықты адал атқарып жүргенін өзіне мақтаныш санайды. Қыдыр қонып, құт дарыған, шежірелі өлке – Науырзым жері бұл отбасы үшін құтты болды. Әттең, зейнетке жеткен шағында туған жердің дәурені бітіп, тұрғыны азайып бара жатқанына жүрегі ауырады. Көненің көзіндей болып бұл қалады-ау, бірақ одан әргі ұрпағы қалар ма екен?
«Мен туған жер өте үлкен болды. Бір кездері бұл аудан орталығы да еді. Екі рет жабылып қайта ашылғаны есімізде. Енді мұнда жалғыз үй қалдық. Әскерден келген соң қазіргі жастардай қалаға ұмтылған емеспін. Ауылда өсіп, ат жалын тартып мінген біздер алдымен осы жердің жай-күйін ойлаймыз ғой. Әйтпесе бар жағдайы жасалған, қолды жылы суға салып отыратын жерге көшіп кетуіге де болар еді. Қимаймын. Бұл жерде бұрын диірмен де болды. Сары алтын бидай тау-тау болып төгіліп, үйіліп жататын. Соның бәрі бүгінде құлап, жермен жексен болды. Аң-құстарды үркітпеу үшін де тыныштық керек. Сонда ғана олар өркен жаяды. Ауылдың өзі орманға айналып барады. Биыл су мол болды. Көлдер толып, ұшып кеткен құстар қайта оралды. Әнге оранып жатқан көлге қарап, тұла бойды қуаныш кернейді», – дейді өткенді есіне алып.
Сұлу табиғаттың айналасы жан-дүниені шабытқа бөлемей қойсын ба, Рахан Өтебайұлының жастайынан өлең жазатын қасиеті де бар. Ресейде отан алдындағы борышын өтеп жүріп, елді, туған жерді сағынып, бірінші рет «Науырзым» деген жыр шумақтарын шығарды. Одан елге келген соң «Ақсуат» деген өлеңін арнады. «Туған жер» шығармасы да қорық келбетін шебер суреттеумен кестеленген.
«Кезінде қандай жер еді. Қазір елдің аянышты күйін көру сондай қиын, жүрекке ауыр. Толғанып елді ойлағанда жүректен жыр шумақтары да туады екен. Сол өлеңдерім Науырзым қорығындағы музейде тұр”, – дейді ол.
Туған даланың қорықшысы, табиғат жанашыры, орманшы Рахан ағаның өмір жолы, міне осылай өтіп жатыр. Ол аталар жолын жалғағанын мақтан тұтады. Туған жерде өз ізіңді қалдырсаң, адам бақыты деген сол. Себебі оның туған жермен кіндігі байланған.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Науырзым ауданы