Бүгін Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осыған орай бір топ зиялы қауым, Ахаң атындағы университет оқытушылары мен студенттері тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тазғым етті.
Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы – елге, ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі. Ескерткіш маңына жиналып, тағзым етушілер тұлғаның ұшан-теңіз еңбегін, қайраткерлігін тілге тиек етті.
– Біздің оқу орны дәл осы күні Ахаң рухына құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырып келеді. Студенттер осындай жерлестерімізді дәріптеп, ұлы тұлғалардан үлгі алып, өз ісінің нағыз маманы болуға тиіс, – деді А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің зерттеулер, инновация және цифрландыру жөніндегі проректоры Жеңіс Жарылғасов.
Қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев тағылымды іс-шараның жастарға берері мол екенін атап өтті.
– Ахметтанушылар, аға буын өкілдері руханият көсемінің еңбектерін жиі айтып жүруіміз керек. Оны біліп өскен жастардан шынайы патриоттар шығады, – деді М.Жұрқабаев.
“Сөзі жоғалған ұлттың өзі жоғалады”. Ахаңның бұл сөзін барлық қазақ ұран етуі керек. Бұл нақылды ахметтанушы Ибраһим Ағытай ақсақал жастарға қарата айтты.
– Ахмет атамыздың бейнетті емес, зейнетті ғұмырын берсін. Ол кісінің ғылым жолында ұлтқа істеген еңбегін одан әр дамытушы болыңыздар. Қай-қайсымыз да Ахаң атына кір келтірмей, лайықты қызмет етуге тиістіміз, міндеттіміз, – деді ол.
Бәріміз Ахаңның алдында қарыздармыз. Бұл күні бәріміз шаттықпен той тойлағаннан гөрі ой саралаған абзал. Мұндай пікірді филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадық айтты.
– 1900-1902 жылдар аралығында Ахаң Қостанайда қызмет еткен. Аталған жылдары Меңдіқара болысындағы Орынбаев ауылдық мектебінде мұғалім және Қостанай қаласындағы педагогика сыныбында қатар еңбек етті. Сол педагогика сыныбы – бүгінгі университет, – деп ғалым тарихтан сыр шертті.
Бүгін Қазақстанда Тілдер мерекесі. Оның ағартушы-лингвистің туған күнімен бірге аталуының үлкен мәні бар. Бүкіл ел Ахмет Байтұрсынұлын қазақ тіл білімінің негізін қалаушы деп біледі. Жиналғандар оны да сөз орайында айтып өтті.