ТҮТІНІ ТӘТТІ, ӨКПЕГЕ ҚАТТЫ: ЭЛЕКТРОНДЫ ТЕМЕКЕНІҢ ЗИЯНЫ ТУРАЛЫ БІЛЕСІЗ БЕ? closeup of hand of woman with e-cigarette

ТҮТІНІ ТӘТТІ, ӨКПЕГЕ ҚАТТЫ: ЭЛЕКТРОНДЫ ТЕМЕКЕНІҢ ЗИЯНЫ ТУРАЛЫ БІЛЕСІЗ БЕ?

Соңғы 15 жылда бүкіл әлемде темекі шегу көрсеткіштері төмендеді. Егер, оң нәтиже болмаған жағдайда бүгінде темекі шегушілердің саны 300 миллион адамнан көп болар еді. Әлем бойынша он адамның жетеуі темекі шекпейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа есебіне сәйкес, қазіргі таңда 5,6 миллиард адам темекіге қарсы озық стратегиялық шарамен қамтылды. Бұл дегеніміз, әлем халқының 71%-ы.

Иә, біз әңгімемізді көңілге жұбаныш сыйлайтын жалпы мәліметпен бастап отырмыз. Алайда, бұл тақырыпта Қазақстан қоғамын алаңдататын мәселе бар.

Атағы емес атауы жер жарып тұрған электронды темекі деген шықты. Жастар «вейп» деп атайды. Қазір жасөспірімдердің бұл өнімге қызығушылығы неге артып кетті? Тәтті дәмі, хош иісі және ерекше дизайны ма? «Сырты бүтін, іші түтін» деген сөз дәл осы электронды темекі жайлы айтылғандай. Вейпті көбісі заманауи өнертабыс деп ойлайды. Дегенмен, сұйықтықты буға айналдыру құрылғысын алғаш 1927 жылы американ өнертапқыш Джозеф Робинсон ұсынды. Ол бұл аппаратын медицина мен косметология саласында қолдануды мақсат етті. Өкінішке қарай, оның бұл идеясы жүзеге аспады.

Электронды темекіден жасөспірімдердің гүл өмірі күлге айналып жатыр. Қоғамдағы басты мәселенің бірі жасөспірімдердің осы зиянды затты қолдануымен байланысты болып отыр. Көшеде жүргенде тек қана жасөспірімдердің ғана емес, ересектің де қолынан электронды темекіні байқаймыз. Темекі түтінінің жастарға ғана емес, үлкендерге де жалпы барлық адамның бола­шағына зиян келтіретінін білеміз. Көзге тартымды, түрлі-түсті түр сипаты болғанымен, одан келер залал көп. Жүрек-қан тамырларының жұмысына, өкпе мен бүйрекке әсер етіп қана қоймай, вейпті қолдануды тоқтатпаса, қатерлі ісікке шалдығу қаупі бар екенін есте сақтаған жөн. Қостанай облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Гүлсім Бисимбаеваның айтуынша, 18 жасқа дейін шылымды қолданған жағдайда оған тәуелді болу мүмкіндігі жоғары. Психолог электронды темекінің құрамында синтетикалық, химиялық заттар болатынын айтады.

«Электронды темекіні балалар өзіне қажет болған соң алмайды, оны үлкендер көрсеткен соң қабылдап дағдыланады. Бұл ангина сияқты бір мезетте жазылатын дерт емес. Жасөспірімдер зиянына көп мән бермейді, қабылдауға келген уақытта ғаламтордан электронды темекінің жағымды жағы жайлы ақпаратты көрсетіп тұрады. Америка елінде бір топ адамның электронды темекіден зардап шеккенін көргеннен кейін ғана оған назар аударып, тыйым сала бастады», – дейді психолог.

Соңғы жылдары мектеп қабырғасында электронды темекіні пайдаланушы жасөспірімдер көбейіп тұр дегенді жиі еститін болдық. Қостанайдағы №115 жалпы білім беретін мектеп директоры Кенжебек Шайхыбеков аталған мәселенің маңыздылығы ескеріліп, жеке жоспар құрылып, сол бойынша іс-шаралар тұрақты жүргізіліп жатқанын айтады.

«Мектеп оқушыларымен аталған тақырып жөнінде акциялар және сынып сағаттары өткізілуде. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың 114-бабымен танысып, жалпы мектепішілік ата-аналар жиналысында да айтылады», – деп мәлімдеді мектеп директоры.

Абай Құнанбаев атындағы №27 мектеп директоры Айымгүл Балтабаеваның айтуынша, сынып сағаттарында балаларға темекі шегудің ағзаға зияны туралы бейнероликтер мен презентациялар көрсетілген. Оқушыларды спорттық жарыстарға және шығармашылық сипаттағы конкурстарға үнемі қатыстыру да осы мәселемен күрестің бір жолы деп есептейді.

Бүгінде бүкіл әлем болып электронды темекіге шектеу қоюда. Олардың қатарында Бразилия, Малайзия, Дания, Норвегия, Аргентина және т.б. бар. Біздің елімізде электронды темекіні заңсыз қолданған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартады.

«Электронды темекіні кәмелетке толмағандардың өздері сатып алмайды, өйткені олар жауапкершілік шараларын біледі, негізінен ересектер темекіні сатып алады. Осы жылдың басынан бастап ҚР ӘҚБтК 441-бабы бойынша екі мектеп оқушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп мәлімдеді Қостанай облысының полиция департаментінен.

Қазір электронды темекі айналымына тыйым салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін оның ағзаға зиянын түсініп, электронды темекіні пайдалануды тоқтатуы керек. Тренд пен бренд қуып жүрген заманда жастардың қолында тұрған болашағымыз бұлыңғыр болып кетпесе игі.  Еліміз «Денсаулық – зор байлық» деп бекер ұрандатпады. Саламатты өмір салтын ұстану әр адамның өз қолында.

Диана БАТЫРБЕК

 

Жаңалықтармен бөлісу