Түркиялық бауырлар да қатысты  

Түркиялық бауырлар да қатысты  

Торғай төсіндегі дүбірлі той әлі талай уақыт халықтың есінде сақталарына шүбә жоқ. Елдегі ынтымақтастық пен тұрақтылықтың арқасында ұлттың ұлы тұлғасы Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы өте жоғары деңгейде тарих қойнауына енді.

Мемлекет басшысының «Торғай аймағына айрықша көңіл бөлу керек» деген тапсырмасына сай өңір аз ғана жылдардың ішінде қайта түлеп, еңсе көтере бастады.

 

Қастерлі мекеннің орталығы саналатын Арқалық қаласындағы жоғары оқу орны университет мәртебесін алды. Білімнің қара шаңырағының тынысы кеңейгенінің айғағы іспетті сонау Түркия мемлекетінен де ғалымдар келіп дәріс беруде. Олардың бірқатары Торғайдағы тойдың төрінен табылды.

«Біз осынау тарихи өлкеге келіп, оның аяулы тұлғаларын танып жатқанымызға қуаныштымыз. Алаш арыстарының ел үшін атқарған жанқиярлық еңбектерімен бұрыннан де етене таныспыз. Міржақып Дулатұлы сияқты ұлы тұлғалардың есімдері ел жүрегінен мәңгі өшпейді. Бауырлас түркі елі де Қазақ елінің Тәуелсіздігі мен тарихына зор құрметпен қарайды», – дейді түркиялық бауырларымыз Ердинч Демирай мен Дүген Торғай. – «Міржақып Дулатұлының ұлы тойы, ғылыми конференция, айтыс та, барлығы мазмұнды, тағылымды өтті. Себебі Торғай өңірінде Алаш азаматтарының саяси қызметінің рухани мұрасы халықпен біте қайнасып жатады. Халық оларды жаһанданудың немесе отарлаудың құралы емес, елдің жоғын жоқтаушы, болашағын ойлаушы ретінде қабылдады. Бұл — Алаш қозғалысының Торғайда терең тамыр жайғанының айқын дәлелі. Біз қасиетті мекеннің тарихына тағзым ете отырып, болашағына да зор жауапкершілікпен қарауымыз керек».

Түркиялық бауырлардың пікірін Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің професоры Ардақ Абдуллина осылайша қуаттады.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Жанкелдин ауданы