Түркі әлемінің ғалымдары Алматыда бас қосады

Түркі әлемінің ғалымдары Алматыда бас қосады

8 қазанда Алматыда III Халықаралық түркі әлемі ғылым сыйлықтарын табыстау рәсімі өтеді. Биыл беделді марапатқа ғылымның 16 бағыты бойынша еңбегімен танылған ғалымдар ие болады.
Алматыда түркі әлемінің ғылыми қауымдастығын біріктіретін ауқымды халықаралық басқосу өтеді. «Өткенге құрмет, болашаққа шабыт» ұранымен ұйымдастырылатын III Халықаралық түркі әлемі ғылым сыйлықтарын табыстау рәсіміне түркі әлемінің түрлі елдерінен көрнекті ғалымдар, академиялық қауымдастық пен ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысады.
Іс-шараны түркі әлеміндегі ірі үкіметтік емес ұйымдардың бірі – Түркі әлемі Йөрүк-түрікмен бірлестігі Тұран университетімен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Мақсат – түркі әлемінің ғылыми әлеуетін таныту, тарихи мұраны дәріптеу және қазіргі заманғы ғылым өкілдерін ортақ ғылыми бастамалар төңірегіне топтастыру.
Биылғы марапаттау рәсімінде математика, физика, химия, инженерия, медицина, әлеуметтік ғылымдар, педагогика, тарих, түркология, тіл мен әдебиет секілді 16 ғылыми бағыт бойынша үздік еңбектерімен ерекшеленген ғалымдар марапатталады. Оның ішінде Қазақстаннан төрт ғалым сыйлыққа лайық деп танылған.
Түркі әлемі ғылым сыйлықтарының тарихы Бурса қаласынан басталып, кейін Солтүстік Кипрде жалғасын тапқан. Биыл марапаттау рәсімі түркі дүниесінің маңызды ғылыми және мәдени орталықтарының бірі саналатын Алматыда ұйымдастырылып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, сыйлықтың ұзақ мерзімді мақсаты – түркі әлемінің ғылыми жетістіктерін халықаралық деңгейде танытатын тұрақты әрі беделді ғылыми дәстүр қалыптастыру. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Джемал Аккуш болашақта бұл марапатты «Түркі әлемінің Нобелі» деңгейіндегі беделді ғылыми брендке айналдыру көзделіп отырғанын атап өтті.
Түркі әлемі Йөрүк-түрікмен бірлестігінің бас төрағасы Ирфан Татлыоғлу марапаттау рәсімінің Қазақстанда өтуінің символдық мәніне тоқталды.

«Тәңіртаудан Анадолыға, Алтайдан Балқанға дейін созылған ұлан-ғайыр кеңістік біз үшін өткенімізді ғана емес, ортақ болашағымызды да білдіреді. Түркі әлемінің шынайы бірлігі ортақ тарихи жадпен қатар, ортақ идеялар, ортақ жобалар және ортақ институттар арқылы нығая түсетініне сенеміз», – деді ол.

Ұйымдастырушылар түркі әлемін ортақ тарих, тіл мен мәдениет аясында ғана емес, ғылым, білім, экономика, стратегиялық ойлау және халықаралық ынтымақтастық бағыттарында бірлесіп әрекет ететін кеңістік ретінде қалыптастыруды көздейді. Осы мақсатта ғылыми конгрестер, академиялық зерттеулер мен халықаралық жобалар жүзеге асырылуда.
Алматыдағы басқосуға Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі – TİKA, Шетелдегі түріктер және туыстас қауымдастықтар басқармасы, Юнус Эмре институты және түркі әлемінің өзге де ұйымдарының өкілдері қатысады деп жоспарланған.
III Халықаралық түркі әлемі ғылым сыйлықтарын табыстау рәсімі 8 қазанда Тұран университетінде өтеді. Ұйымдастырушылар шараға ғалымдарды, жоғары оқу орындарын, ғылыми-зерттеу институттарын, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақырып отыр.
Халықаралық марапаттау рәсімі ғылым саласындағы жетістіктерді дәріптеумен қатар, түркі елдерінің ғалымдары арасындағы академиялық байланысты нығайтып, жаңа ғылыми жобалар мен ынтымақтастықтарға жол ашатын ортақ алаң болмақ.
«Ғылымның шекарасы жоқ, бірақ әр өркениеттің ғылымда қалдырар өзіндік қолтаңбасы бар».