Қостанайда экотаксилер қызметке кіріседі

Қостанайда экотаксилер қызметке кіріседі

Жаңа маршрут – жасыл болашақ. Бүгін Қостанайда экологиялық такси паркі ашылды. Енді қала тұрғындары мен қонақтарына электрлі көліктер қызмет көрсете бастайды.

Қалаішілік жолаушы тасымалы қызметіне «Eco Ular Тaxi» жобасы қосылып отыр. Көліктер – өзіміздің өндіріс. JAC e-J7 маркалы электомобильдер Allur зауытында құралған 65 машина сатып алынды. Бәрі де қызметке кірісуге сақадай сай тұр. Жобаға құйылған жалпы инвестиция 500 млн теңгеге жуықтайды. Бұл жолаушылар тасымалы қызметін заманға сай жетілдіруге, сондай-ақ көліктен бөлінетін зиянды шығарындыларды азайтуға бағытталған.blankblankblankblankblank

            «Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдау мақсатымен осы жобаны жүзеге асырып отырмыз. Осылайша қоршаған ортаның тазалығына үлес қоспақпыз. Қостанайлықтар үшін такси қызметінің сапасын жақсарту да көзделеді. Көліктер толықтай электрлі. Ресми серіктес ретінде «Яндекс Go» cервисімен жұмыс істейміз. Қазір онымен электромобильге «эконом», «комфорт» тарифтерін бекіту, қолжетімді ету жөнінде келіссөздер жүріп жатыр», – дейді «Eco Ular taxi» жобасының жетекшісі Сайлау Халитов.

blankҚала ішінде электрлі көлікті қуаттау станцияларының көбейетіні де түсінікті. Олар «Емшан» сауда үйі, дилерлік орталықтар маңы, КСК шағын ауданы және басқа да біраз жерден ашылғалы отыр. Ол нүктелерде әр машинаның зарядын толықтыруға 1 сағат 20 минут уақыт жұмсалады. Ал сол қуат 450-500 шақырымға дейін жететін көрінеді. Мамандардың сараптама, тест-драйв жүргізуі нәтижесінде экотаксилердің тәулігіне шамамен 350 км айналдыратыны анықталыпты. Артығымен жетеді деген сөз. Жобаның тағы бір игілігі – жаңа жұмыс орындар құрылып отыр.blankblankblankblank«Жүз жүргізуші жұмысқа алынды. Олар 65 көлікте ауысыммен жұмыс істейді. Орташа жалақы – 450 мың теңге. Табыс қозғалыс маршрутына байланысты есептеліп отырады. Экотакси елдің ірі қалаларында әжептәуір уақыт қызмет етіп келеді ғой. Олардың тәжірибесін де негізіге аламыз», – дейді жоба жетекшісі.

blankТакси паркінің ашылуына қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа жобаның жай-жапсары баяндалып, электрлі көліктердің сын-сипаты таныстырылды. Өңір басшысы экотакси тұрғындар арасында сұранысқа ие болып, алдағы уақытта табысты дамитынына сенім білдірді. Бұл жобаны заманауи технологияларды, экологиялық таза шешімдерді енгізу, адамдардың өмірін жайлы ету бағытындағы бастамалардың бірі екенін айтты. Экология, инфрақұрылым тұрғысындағы артықшылықтарына тоқталды.blank

            «Біз жай ғана жаңа такси паркін ашып отырған жоқпыз. Біз заманауи, экологиялық таза және тұрғындар үшін жайлы көлік түрін іске қосып отырмыз. Бұл – қоршаған ортаға тарайтын зиянды заттардың шығарындыларын азайтып, қалаға түсетін экологиялық жүктемені төмендетудің мүмкіндігі. Сондықтан экологиялық таза көлікті дамыту – «Таза Қазақстан» қағидаттарын жүзеге асырудың бір бағыты. Алайда бұл көлікті сатып алу жеткіліксіз. Ол үшін тиісті инфрақұрылым қажет. Қуаттау станцияларының желісін дамыту керек», – деді облыс әкімі.

blankОның айтуынша, қуаттау станциялары жөнінде сөз болғанда бизнестің рөлі де алға шығуы керек. Кәсіпкер өз ісіне ғана емес, қаланың дамуына да инвестиция салғанда, одан барлығы ұтады. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Жаңа қызмет түрлері пайда болады. Инфрақұрылым жетіледі. Бастысы, қаланың өзі де өзгере бастайды.

            «Экотакси тұрғындар арасында сұранысқа ие болып, алдағы уақытта табысты дамитынына сенемін. Жұмысы сәтті, қауіпсіз әрі жайлы болуын, жолаушылардың ризалығына бөленуін және одан әрі дамуын тілеймін», – деді Құмар Іргебайұлы.

blankblankblankblank

Ж.Балғынбекұлы

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ