Торғайлық қариялар ұлттық киім күнінде өнер көрсетті

Торғайлық қариялар ұлттық киім күнінде өнер көрсетті

Бүгін аудандық мәдениет үйінде ардагерлер әуелетіп ән салды. Ардақты ардагерлер тек қана ән айту өнерімен шектелмеген. Тоқыма өнерін дәріптеген аналар қолөнер туындыларынан көрме ұйымдастырды.
Бұл тамаша әнге толы кеш “Ұлыстың ұлы күні” мерекесіне бағытталған. Сонымен қатар, “Ұлттық киім” күні осы шараға себепші болды. Ауданның әр саласында абыройлы қызмет істеген ардагерлер “Өнерлі ардагерлер — ел өрісі” атты кештің шырайын келтіріп, сахнаның сәні болды.

Ардагер ата-әжелеріміз жастық шақтарына саяхат жасап, көңілді әндердің көркін қыздырды. Халық әндері көптеп шырқалған әуезді кеште жерлесіміз, халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің айтыс өнеріндегі әзіл шыны аралас жыр жолдарын немересі Тойғанбол Нұрханов нақышына келтіріп оқыды. “AMAHAT” партиясы Жанкелдин аудандық филиалының төрағасы Ғабит Сүндетбаев Наурыз мейрамымен құттықтады.

“Көрісу күні – Амал мерекесінен” бастау алған наурызнама 10 күндік мәдени шара жалғасын тауып келеді. Баршаңызға жақсы көңіл күй тілеймін. Ел аман, жұрт тыныш болсын”, — деді Ғабит Көдебайұлы.

Осылайша, аудан ардагерлері елдің мерейін көтеріп, рухани демалыс сыйлады.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Асанханқызы өнерлі ардагерлерге алғыс айтып, мекеме атынан естелік сыйлықтар тапсырды.

Байбатыр АХМЕТБЕКОВ

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу