Торғайлық атбегі кәсіп кеңейтуді қолға алды

Торғайлық атбегі кәсіп кеңейтуді қолға алды

Торғай төсінде көкпардың басын бермей келе жатқан Тұман есімді сәйгүлік кәдімгі қазақтың жабы жылқысы. Басқа қылқұйрықтылардан бойы аласалау демесеңіз, өте әбжіл.

Аттың иесі Мұрат Тұрматов жануарды тай кезінде етке тапсырмақ болғанын да есіне алды.

“Тиеп жіберген жерінен кішкентай деп шығарып жіберді. Сонда үлкен ағам келіп: “Мал бағуға, аң аулауға құнанға дейін ұста!” – деді. Былтыр Торғайда көкпар басталғанда үйге шабандоз Жәнібек Қалиев келді. Осы атты мен алайын дегесін көкпарға қосып кеп жібердік”, – дейді Мұрат Тұрматов.

Сөйткен Тұман былтырдан бері жақсы нәтиже көрсете бастады. Қостанайдағы көкпардан үшінші орын алды. Мұрат Тұрматов Тұманды болашақта ұзақ жорықтардан көргісі келетінін де жасырмайды. Себебі бұл жануар өзін көкпарда төзімділігімен байқата білген.

“Негізі бұл атты көкпардағы аяқ алысына қарап, жорыққа жарай ма деп қалдым. Шабысы ұзаққа тер алдырмайды. Бірте-бірте жылдамдығын қоса түспесе, азайтпайды. Көкпарда ат ауыстырмай шауып тұруға жарап тұр”, – дейді аттың иесі.

Мұраттың сөздерін шабандоз Жәнібек те қуаттай түсті.

“Аталарымыз ат үстінде жүруді ашамайдан үйретті. Кезінде бәйгеге шауып, былтырдан көкпарға келдік. Серік Қабажаев деген кісінің атымен шауып жүрдік. Айбат Әбдіров, Абзал Темірбаев ағаларымызбен бір терінің пұшпағын илеп жүрген жайымыз бар. Тұманның төзімділігі басқа аттардан ерекше”, – дейді Жәнібек Қалиев.

Мұрат алдағы уақытта жаңа айғырлар алып, базаны кеңейту жұмыстарын қолға алып отыр. Қазақтың ұлттық ойынын насихаттап жүрген азаматтарын ел ағалары қолдап жіберсе нұр үстіне нұр.

Ол ат баптаумен қатар қазақы тазыны қолға үйретуді де кәсібіне айналдырған.

Мұраттың қызы Нұрсұлу Торғай селосының шетінде қыс түсе қоян көп болатынын айтады. Ыбырай Алтынсарин мектебінде оқитын Нұрсұлу қолы қалт етсе, тазымен серуендегенді жаны сүйеді.

“Тазының ақылды болатынын алдында еститінбіз. Қолға үйретсек, қалай болар екен деп жүргенбіз. Бірде әкеміз досын Түйемойнақ деген жерден алып кетуге барды. Екі тазы қой қуған екен. Атып тастайын деп тұрған жерінен екі күшікті үйге әкеліп асырадық. Сол жылы олар қоян алды. Содан бері қолымызда бес тазыға дейін болды”, – дейді Нұрсұлу Мұратқызы.

Күшік кезінен суыққа қалдырмаған иелеріне тазылар қазір жақын дос, серуенге шықса сенімді серік.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу