Амантоғайдан бұрылып, Арқалыққа қарай бет алып барамыз. Сәлден соң алдымыздан Кейкі батырдың кесенесі көрініп қалуы тиіс. Тасты ауылдық округінің шекарасына іліккеніміз сол еді, көлік тізгінінде отырған Жарқын есімді жігіт ағасы жүрісін кілт тежеп, күре жолдың оң қапталындағы асфальтталған ашық алаңның арғы бетіне тіреліп тоқтады.
Жол қажытқан жолаушылар аз-кем аялдап, тынығып алатын автотұрақ екен. Көлденең көк аттыдан қалған пластик бөтелкелер, темекінің қорабы, сыраның қаңылтыры, жыртылған қағаз дейсіз бе, әйтеуір, айнала аспаннан қоқыс жауғандай кейіпке енген.
– Бел жазып алайық, төменіректе бұлақ бар, суы бал татиды. Қаласаңыздар, анау тұрған зорманның ескерткішіне барып, суретке түсуге болады, естелік болып қалады ғой, асықпаңыздар.
Есімін біліп қойғандай-ақ екен, адамға бауыр тартып тұратын ақжарқын мінезді жүргізуші күлімдеген қалпы көлігінің артқы есігін ашып, жүксалғышынан аузы түйілген қара пакет алып шықты. Енді ғана байқадық, анадай жердегі бір түп бозқарағанның қалқасында қабырғасы ырсыиып арып-ашқан ала төбет жатыр екен. Жарқын әлгі пакетті сол иттің алдына апарып ақтара салды.
«Иесіз иен далада жүрген бұл не төбет?» деп тұрған боларсыздар?
Жүргізуші жанымыздағы семіз әйелдің «Қаңғыған бұралқы ит емес пе, оны қайтесің, кетейік тезірек!» дегенін естімегендей, сөзін әрі сабақтады. – Шынымды айтсам, бұл иттің бұл жерде қашан, қалай пайда болғанын анық білмеймін. Осы жерді жағалап жүргеніне бірнеше жыл болды. Қыстан қалай шығатынын, құдай білсін, жаздай кейбір жұрт мүсіркеп, ары-бері өткенде әдейі тоқтап, осылай тамақ тастап кетеді. Маңайдағы малшылар бірнеше рет байлап алып кетіп, асырамақ болған көрінеді, бәрібір қайтып осы бұлақтың басына қашып келіп ала береді екен. Ауылдан кетіп жатқан көш тоқтамай жатыр ғой. Естуімше, осы Қарынсалды немесе Горняк жақтан көшкен үйлердің бірінен қалған ит болу керек. Иесі мінген машинаның артынан 40 шақырым бойы қалмай жүгіріп отырған деседі. Көлік түзу жолға шыққан соң жеткізе ме, ұзап кеткен ғой. Ал әбден қалжырап, өкпесі өшіп қалған байқұс төбет тілі салақтап осы тұста қалып қойған көрінеді. Содан бері осы жерге тоқтаған машиналарды аңдиды. Шамасы, ием көрініп қала ма екен деп үміттенетін сияқты. Әйтеуір әлдекімді іздейтіні, күдер үзбей біреуді күтетіні анық. Жаңа сіздер түсіп жатқанда да сырттарыңыздан қалт етпей қарап бағып тұрды ғой. Ата-бабамыз «ит – жеті қазынаның бірі» деп бекер айтпаған, ауылдан көшіп кеткен қалың елді сағынып жүргендей болып көрінеді бұл төбет маған…
Даусындағы дірілді байқатып алғанына қысылды ма, Жарқын жүк салғышының есігін тарс еткізе салды да, жалаң алақанымен айнасын сүрткілей берді. Бағанағыдай емес, өңі сұрланып кеткен. Жанарындағы жаймашуақ жылылықтың, жүзіндегі жайдары күлкінің ізі де қалмапты. Көлікке бәріміз көңілсіз міндік. Бір-екі сауалымызға сүлесоқ жауап қатқаны болмаса, Жарқын Арқалыққа жеткенше жарытып әңгіме айпады.
Ертеңінде біреулер: «Бұрын ол жерде дәмхана болған. Содан қалған ит шығар» деген болжам айтты. Енді біреулер жолай өтіп бара жатқан көліктен қалып қойған төбет деді.
Арқалықтағы шаруамызды бітіріп, кері қайтарда басқа көлікке міндік. Музыкасын айғайлатып қойған жас жүргізуші әлгі автотұраққа тоқтамай өте шықты. Терезеден төбет жатқан жаққа үңіліп үлгердім. Қарайған ескерткішті ғана көзім шалып қалды. Тас тұғырдың үстінде зорман емес, ит отырғандай болып көрінді.
Нұрқанат ҚҰЛАБАЙ
Аманкелді ауданы