Күркетал – жазыққа біткен ну тоғай

Күркетал – жазыққа біткен ну тоғай

Амангелді ауданы аумағындағы Бүйректал ауылының маңында ерекше орын бар. Ол жер «Күркетал» деп аталады. Торғай даласы бәріңізге таныс қой, бірақ кең жазық далада шоғырланған ақ қайыңдардан тұратын қалың тоғайды көру кез келген жанды таңғалдырады. Бұл жерді жергілікті жұрт «қасиетті» деп қадірлеп, қастерлейді.

Күркетал – Торғай өңірі даласының төсіндегі ерекше табиғи мекен. Бұл аймақта ағаш атаулы сирек кездесетіндіктен, қалың қайың көмкерген Күркетал нағыз табиғи оазис іспетті. Ақ діңді қайыңдар мен қалың шөптің арасынан бірнеше бұлақ сылдырап ағып жатыр. Сол бұлақтар бүгінде Бүйректал ауылын ауызсумен қамтамасыз етіп отырған басты тіршілік көзіне айналған.

blank Ауыл қарияларының айтуынша, Күркетал – тек табиғи байлық емес, киелі мекен. Бұл жердің суы шипалы, дәмі ерекше, мөлдір әрі салқын. Жаздың аптап ыстығында да бұлақ суы тартылып көрмеген. Суының тазалығы мен дәміне сырттан келгендер де таңданып, құйып алып кететін көрінеді. Тіпті Мәскеуден келіп, бұлақ суын құтыға құйып әкеткендерді көзбен көргенін ауыл тұрғындары әлі күнге дейін айтып отырады.

blank

Ауыл тұрғыны Мақмұт Қасенұлы көнекөздерден естіген әңгімесін былай жеткізеді:

«Бұл жерде ертеде, 1925 жылғы аштық жылдарына дейін ауыл болған. Бір жағы бұлақ, бір жағы құмайтты жер еді. Адамдар бау-бақша егіп, күн көрген. Орал Мұхамеджановтың әкесі Байғоныс осы маңайда тұрған. Бұл жерде менің атам Ағыбай қажы мен Сүлеймен қажы да өмір сүрген».

Күркетал атауы да оның табиғи ерекшелігінен туған деседі. Тоғай ішіне енген адам өзін ағаштан көмкерілген күркеге кіргендей сезінеді. Іші тұтас жасыл шатыр іспетті.

1967 жылы осы бұлақтан Бүйректал ауылына құбыр арқылы су тартылып, ел игілігіне берілген. Кейін электр қуатымен жұмыс істейтін су мұнарасы да салынды. Бірақ Күркетал бұлағы ауылдағы барлық су көздерін толықтырып келеді. Қасиеті мол, сарқылмас суы әлі күнге дейін тартылған емес.

Күркетал жайлы ел ішінде «қайыңды шапсаң – су тартылады» деген сөз бар. Бұл бекер айтылмаса керек. Бір жылдары тоғай түгелдей өртеніп, жасыл желек жойылған. Кейін қайта көктеп шыққан. Сол кезде ауылға баратын су азайып, бұлақтың ағысы баяулағаны жұрт жадында.

blank

Табиғаттың бұл заңдылығын ғылым да растайды. Орман-тоғай жер асты суын сақтауда аса маңызды рөл атқарады. Ағаш тамырлары топырақтағы ылғалды ұстап, жер қабатын бекітеді, бұлақ көздерінің ашық әрі тұрақты болуына ықпал етеді.

«Жас кезімізде үлкен кісілерден еститінбіз. Бұл жерді қасиетті дейтін. Етегінде бүлдірген өсіп, Мойылды өзені бойында мойылды ағашы қалың болатын. Қазір соның бәрі аңыз сияқты. Қасиетті Күркеталдың бұлағы таусылмайды, асты – терең теңіз деп айтып отыратын. Ашаршылық жылдары осы маңайда көп адам қырылып, сүйектері далада қалған деседі. Қазір бәрі жермен-жексен болып кеткен. Бұл маңай түгелдей бірнеше ауылдар болған», – деп Мақмұт аға үлкендерден естіген естеліктерімен бөлісті.

Бүгінде Күркетал – Бүйректал ауылы үшін тек тіршілік көзі ғана емес, қасиетті орын. Ауылдықтар сол жерге барып, демалса да ерекше қамқорлыққа алған.  Күркетал Бүйректал ауылының тіршілік тамыры. Ақ қайыңдары мен мөлдір бұлағы ауылдың тынысын ашып тұр.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттер «Бүйректал ауылы» инстаграм-парақшасынан алынды