Денисовте мәдениет саласының ардагеріне құрмет көрсетілді

Денисовте мәдениет саласының ардагеріне құрмет көрсетілді

Денисов ауданының мәдениет саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан бөлім басшысы Нағима Хасановаға құрмет көрсетіліп, көпжылдық еңбегіне алғыс айтылды. Салтанатты іс-шараға аудан басшылығы, облыстық мәдениет өкілдері, мемлекеттік қызмет ардагерлері, әріптестер мен мәдениет қызметкерлері қатысты.

Кеш барысында Нағима Спанқызының кәсіби жолы, аудан мәдениетін өркендетудегі еңбегі, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы табандылығы мен ұйымдастырушылық қабілеті ерекше айтылды.

Аудан әкімі Руслан Қатпаев мәдениет саласындағы табысты жобаларын, аудан көлемінде өткізілген ауқымды фестивальдер мен қоғамдық маңызы бар іс-шараларды жоғары бағалады.

«Нағима Спанқызы аудан мәдениетінің дамуына тың серпін берді. Оның бастамасымен жүзеге асқан жобалар халықтың рухани өмірін байытып, мәдени мекемелердің әлеуетін арттырды. Ол әрдайым кәсібилік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсете білді», – деді Руслан Қатпаев.

Салтанатты кеште облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы және кино бейнеқор орталығының директоры Дәмер Қалкаев тұлғаның өңірлік мәдени байланыстарды нығайтудағы рөліне баға беріп өтті.

blank

«Нағима Спанқызы – өз ісіне адал, мәдениет саласының дамуына шын жүрегімен қызмет еткен басшы. Оның еңбегі тек бір аудан шеңберінде емес, облыс көлемінде де жоғары бағаланады. Әріптестік пен шығармашылық ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсете білді», — деп пікір білдірді Дәмер Елтайұлы.

Кеште мемлекеттік қызмет ардагерлері, көршілес аудан мәдениет бөлімдерінің басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудан мекемелерінің өкілдері мен мәдениет қызметкерлері ізгі тілектерін арнады. Әсерлі әндер мен шығармашылық қойылымдар мерекелік кештің мазмұнын байытып, іс-шараға ерекше сән берді.

Нағима Спанқызы бірге еңбек еткен ұжымына, аудан басшылығына және әріптестеріне ризашылығын білдірді.

blank

«Бұл кеш – қоштасу емес, бұл кеш – алғыс пен құрметтің, еңбекті бағалаудың жарқын көрінісі болды. Атқарылған шаруалар сіздер мен біздердің жұмыла еңбек еткеніміздің арқасы», – деді мәдениет саласының ардагері.

Аудан ғана емес, облыс, республика көлемінде Нағима Спанқызының мәдениет саласындағы ізгі істері мен бастамалары тарих қойнауында сақталып, кейінгі буынға үлгі болары сөзсіз.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Денисов ауданы