Торғайда кәсіпкерліктің өрісі кеңейді

Торғайда кәсіпкерліктің өрісі кеңейді

Шалғай өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту ісі жылдан – жылға  жанданып келеді. Қолынан іс келетін азаматтар мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алып, бір-бір кәсіп иесі атанып отыр. Олардың бір парасы туралы “Қостанай таңы” бұған дейін де бірнеше рет жазған. Жергілікті тұрғындар мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне әбден көз жеткізген. Дені төмен процентпен берілетін несие арқылы ісін дөңгелентіп, табысын арттыруға пейілді. Аудан әкімінің орынбасары Дінмұхамед Бидашевтің айтуынша,  кәсіпкерлікті дамытуда  “Бизнестің жол картасы-2025” мемлекеттік бағдарламасының көмегі тиіп тұр.

–Бағдарлама  шеңберінде өздерінің бизнес жобаларын іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға біздің ауданнан өткен жылы үш адам өтініш берген еді. Мәселен, Ернұр Нүрпейісов 4 млн 920 мың қайтарымсыз грант ұтып алып, пластик терезе жасауды қолға алды. Бұл кәсіпке ауданда сұраныс жоғары.  Сондай-ақ, Нұрбол Сомтеміров есімді азамат 5 млн теңге грантқа қол  жеткізіп, автокөлік жуатын бекет ашты.  Арман Жақсымбеков электр-тұрмыстық техникаларды жөндеумен айналысады. Мұның бәрі облыс орталығынан шалғайда орналасқан біздің аудан үшін өте керек кәсіп. Аудан тұрғындары бұрынғыдай ат сабылтып, қостанай, Арқалыққа бара бермейді. Қысқасы, не қажеттің бәрі табылады,– дейді аудан әкімінің орынбасары Дінмұхаммед Бидашев.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу