29 июня, 2025
Торғайда «Бақытты балалық шақ – жарқын болашақ кепілі» атты мерекелік іс-шара өтті

Торғайда «Бақытты балалық шақ – жарқын болашақ кепілі» атты мерекелік іс-шара өтті

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Торғай ауылының орталық алаңында кең көлемді мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. «Бақытты балалық шақ – жарқын болашақ кепілі» атты бұл игі бастама балалардың көңілін көтеріп, оларға ерекше қуаныш сыйлады.

Мереке аясында алаң мерекеге сай безендіріліп, балалар үшін түрлі ойын алаңдары, сурет және қолөнер көрмелері, шығармашылық шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Балдырғандар арнайы құрылған сахнада ән салып, би билеп, өнерлерін паш етті.

Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Еренбол Алматов балалар мен ата-аналарды мерекемен құттықтап, үздік оқушылар мен спортшыларды, түрлі пәндік олимпиадалар, байқаулар мен фестивальдердің жеңімпаздарын марапаттады.

«Балалар – біздің болашағымыз. Олардың білім алып, дамуына, армандарына қол жеткізуіне жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар. Сондықтан оларға тек мереке күндері ғана емес, күн сайын көңіл бөліп, қамқорлық көрсетуіміз қажет», – деді Еренбол Алматов өз құттықтау сөзінде.

Балалар арасында сурет байқауы өткізіліп, олар өз қиялдары мен арманын қағаз бетіне түсіріп, көрермендер назарына ұсынды. Кеш соңында мерекелік концерт ұйымдастырылып, балаларға тәтті сыйлықтар таратылды.

Балалар сурет байқауына қатысып, концерттік бағдарлама тамашалады.

Бұл іс-шара ауыл тұрғындары мен қонақтарына керемет әсер қалдырып, балалар үшін шын мәніндегі жарқын естелікке айналды.

Жанкелдин ауданы