Жол жөндеу жұмыстары күзге дейін аяқталмақ

Жол жөндеу жұмыстары күзге дейін аяқталмақ

Қостанай қаласының әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде шаһардың 2025 жылғы 6 айындағы бюджетінің атқарылуы туралы сөз болды.

Қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Зейнагүл Кенжеғаринаның айтуынша, қала бюджетіне соңғы алты айда 53,4 млрд теңге қаражат түсті. Осылайша жоспар 1,6 млрд теңгеге асыра орындалған.

Бұл нәтижені былтырғы жылдың дәл осындай кезеңіндегі қорытындымен салыстырғанда 7,9 млрд теңгеге өскенін байқаймыз. Трансфертер бойынша жоспардың орындалуы 87 %-ті құрады. Бюджет шығыстарының негізгі үлесі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, тұрғын үй қатынастары және жұмыспен қамтуға бағытталды.

Әлеуметтік салаға басымдық берілген. Шығыстар туралы тарқатсақ. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жоспар толық орындалып, 14,5 млрд теңге игерілді.  Соның 4,3 млрд теңгесі жол учаскелерін жөндеуге бөлінді. Биыл Қостанай қаласында 90 жол учаскесі күрделі, орташа жөндеуден өтіп, 50 шақты аула абаттандырылады деп жоспарланған.

Қазір көшелерде жұмыс қызу жүріп жатыр. Қала әкімі Марат Жүндібаев аталған жұмыстардың күзге дейін аяқталатынын айтты.

Көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы бойынша екі миллиард теңге қарастырылған. Бүгінде соның 958,8 млн теңгесі игеріліпті. Бұл бағдарлама аясында Фролов көшесінің Абай және Баймағамбетов көшелерінің шекарасына дейінгі аумағының ені кеңейтіледі. Сондай-ақ Сьянов көшесінің Гоголь, Рабочий көшелерінің шекарасына дейінгі аумағының ені 14 метрге дейін кеңейтіліп,  инженерлік коммуникациялар бастан-аяқ жаңартылады. Жаңа төсемтастар төселіп, жаяу жүргіншілерге арналған жиекжолдар жөнделеді. Аталған жұмыстар тамыз-қыркүйек айында толық аяқталады. Сонымен қатары Баймағамбетов, Назарбаев көшелерін қайта жаңғырту үшін жобалау-семеталық құжаттамасы әзірленуде. Қыркүйек айында мелекеттік сараптамалық қорытынды алу  жоспарлануда.

– Абаттандыруды дамыту бойынша үш жобаны іске асыруға 1,2 млрд теңге қарастырылған. Олар: жоғары Тобыл саябағының солтүстік бөлігін қайта қалпына келтіру, жарық желілерін тарту, бейнебақылау орнату, жасыл желекті суару жұмыстары және субұрқақтарды қалпына келтіру. Бүгінде бөлінген қаражаттың 323 млн теңгесі игеріліп, тиісті жұмыстар жасалды, – деді қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Зейнагүл Кенжеғарина.

Қала келбетін әрлеп, құрылысты жандандырумен қатар тұрғындарды жұмыспен қамтып, әлеуметтік көмек көрсетуге де ден қойылған.  Мысалы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларға бюджеттен 2 млрд теңге қарастырылды. Соның 827 млн теңгесі мүгедектердің әртүрлі қажеттілігін өтеуге, 400 млн теңге әлеуметтік көмекке, 136 млн теңгесі атаулы әлеуметтік көмекке, 102 млн теңгесі өмір сапасын арттыру және құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталды.

– Биыл 90 жол учаскесі жөнделеді. Соның 80-ін орташа жөндеу, 3-еуін қайта қалпына келтіру, жетеуін ағымдағы жөндеу жоспарланды. Қазір барлық жұмыстардың басым көпшілігі атқарылды. Сенбі күні қала көшелерін аралап,  жөнделіп жатқан жолдардың ахуалын көрдік. Жұмыстың қарқыны өте жақсы. Мердігерлер мерзімнен кешігіп жатқан жоқ. Бәрі кестеге сәйкес орындалуда. Тамыз, қыркүйек айларында барлық жолдардың жөндеу жұмыстары аяқталады деп ойлаймын. Бәлкім, Фролов көшесіндегі жұмыстар кешеуілдеуі мүмкін. Себебі, ол жердің ара қашықтығы өте үлкен болып тұр, – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.

Қымбат ДОСЖАНОВА