Әлеуметтік желілерде Торғай өзенінде балықтардың тұншығып қырылғаны туралы бейнежазба тарады. Аталған видео Жанкелдин ауданына қарасты Қарғалы елді мекенінің маңында түсірілген. Қысқа бейнежазбада өзен жағасында өлі балықтардың жатқанын көруге болады.
Алдын ала болжамдар мен жергілікті жағдайды талдау нәтижесіне сүйенсек, балықтардың қырылуына радонға бай жер асты суларының өзенге қосылып кетуі себеп болуы мүмкін деген болжам айтылуда. Бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын білу үшін біз Қостанай облысы бойынша экология департаментіне хабарластық.
Қостанай облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Зиада Бисахалованың айтуынша, аталған жағдай бақылауға алынған.
– Әлеуметтік желілерде Торғай өзенінде балықтардың жаппай тұншығып жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл мәселеге біз бірден назар аудардық. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бекітілген ережелеріне сәйкес арнайы комиссия құрылды. Қазіргі уақытта мамандар оқиға орнына барып, зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жолға шықты. Нақты себеп сынамалар алынып, зертханалық сараптама жасалғаннан кейін ғана белгілі болады. Ол аумақта антропогендік әсер ететін факторлар жоқ. Яғни, кәсіпорындар немесе өндіріс ошақтары жоқ. Менің ойымша, бұл табиғи құбылыс болуы мүмкін. Көбінесе мұндай жағдайлар суда оттегінің жетіспеушілігінен орын алады, – деді Зиада Бисахалова.
Аталған мәселеге байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі де ресми ақпарат таратты.
Министрліктің мәліметінше, 2026 жылғы 12 қаңтарда Жанкелдин ауданына шығу жоспарланған. Арнайы комиссия құрамына санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, табиғи ресурстар басқармасының, экология департаментінің және балық инспекциясының өкілдері енеді. Комиссия өзен суынан, балықтардан және қоршаған ортадан тиісті сынамалар алып, кешенді тексеру жүргізбек.
Сонымен қатар, министрлік бұрынғы жылдары да Торғай өзенінде осыған ұқсас жағдайлар тіркелгенін атап өтті. Ол кезде балықтардың қырылуына суда оттегінің жетіспеушілігі негізгі себеп болған.
Қазіргі уақытта жағдай бақылауда. Мамандардың қорытындысы шыққаннан кейін балық қырылуының нақты себебі мен тиісті шаралар жөнінде қосымша ақпарат берілетін болады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
