Абысындар сайысты

Абысындар сайысты

Қостанайда «Абысын-ажын» республикалық байқауының қатысушыларымен арнайы кездесу өтті. Айта кету керек, бұл келіндер Қызылорда қаласында өткен байқауда жоғары нәтиже көрсетіп, өңір намысын абыроймен қорғаған болатын.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасын орындау аясында өңірде отбасы институтын нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Осы бастама шеңберінде жарқын кездесу кеші болды.

Игі бастама туысқандық қарым-қатынасты бекемдеп, ұлттық отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттауға сеп болмақ.

blank  Расында, жылы жүзді, ізгі ниетті келіндер – тек бір шаңырақтың емес, тұтас әулеттің береке-бірлігінің ұйытқысы.

blank

Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан олар «Абысын-ажын» республикалық байқауында Қостанай облысының атынан бақ сынады.

blank

Аталған байқау осыдан бірнеше ай бұрын Қызылорда қаласында ұйымдастырылып, еліміздің 14 өңірінен 180-ге жуық келіншек қатысқан. Үш кезеңнен тұрған сайыста қатысушылар сәлемдесу, өнер көрсету және сахналық қойылым арқылы өзара татулықты, ұлттық салт-дәстүрге деген құрметті паш етті.

blank

«Қай кезде де отбасының берекесі мен бірлігі көбіне әйел адамдарға байланысты. Қазақ халқы ертеден абысындар арасындағы сыйластыққа айрықша мән берген. Бұл байқаудың да негізгі көздегені – әйелдер татулығын алдыңғы орынға шығару. Себебі салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіретін аналар» – дейді «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қостанай облыстық филиалының төрайымы Райхан Нарынқызы.

Байқаудың үшінші кезеңінде қостанайлық келіндер отбасылық құндылықтарға әлеуметтік желілердің тигізетін оң және теріс әсері туралы мазмұнды сахналық көрініс ұсынды. Бұл игі іс-шараға төрт жылдан бері мұрындық болып келе жатқан – «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі.

blank

Байқау барысында абысындардың ауызбіршілігі, сөйлеу мәдениеті, ұлттық дәстүрді меңгеру деңгейі жан-жақты бағаланады. Қатысушылардың бірі – Мадина Төлегенова. Оның Шақшақ Жәнібек әулетіне келін болып түскеніне төрт жылдан асқан.

blank

«Бұл үлкен жауапкершілік пен еңбекті талап ететін дүние. Дегенмен, барлығымыз байқауға үлкен дайындықпен келдік. Үш кезеңде де бар күшімізді салдық. Алғаш рет қатысқандықтан жүлделі орындарға ие болмадық, бірақ мол тәжірибе жинадық. Абысындарымның барлығы өнерлі, ұйымшыл. Сәлемдесу кезеңінде үлкен абысынымыз домбыраның сүйемелдеуімен бәрімізді таныстырып шықты», – дейді байқау қатысушысы Мадина Төлегенова.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Ақтөбе облысынан келген қатысушыларға бұйырды. Дегенмен, қостанайлық келіндердің де еңбегі жоғары бағаланып, көрермен мен қазылар алқасының ықыласына бөленді.

Айта кетерлігі, байқауға қатысқан қостанайлық келіндердің ең жасы – 25-те болса, ең үлкені – 68 жаста.

Нұрдана ТАҒАЙМҰРАТОВА,
ҚӨУ студенті