1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «DAN-AS» шығармашылық орталығы мен «Жылы Ұя» балабақшасының ұйымдастыруымен «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты мерекелік концерт жоғары деңгейде өтті.
Мерекелік кешті маслихат төрағасы Анар Мұратқызы құттықтап ашып берді.
Мерекелік іс-шара бүлдіршіндер мен ата-аналарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырды. Салтанатты концерт жүргізушінің балаларға арнаған жүрекжарды амандасуымен басталды. Балғындарға арналған ақ тілектер мен жарқын болашаққа сенім білдіретін құттықтау сөздер айтылды.
«Бала деген бір бақыт қой самғайтын,
Ата-ананың арманы мен тілегін
Бала емес пе бал бұлақтан жалғайтын» – деген жүрек тебірентер шумақтар кештің мәнін айқындай түсті.
Концерттік бағдарламада түрлі өнер түрлері қамтылды. Домбырашылар ансамблінің орындауындағы Ерболат Құдайбергеновтің «Мен қазақпын» шығармасымен ашылды. Одан әрі Бірлік тобының орындауындағы «Рух» әні мен Медина Низами шырқаған «Бала тілегі» көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кішкентай бишілер орындаған «Микки Маус», «Ковбой», «Қамажай» және «Индийский танец» билері көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ал жетігеншілер тобының халық әндерінен попурри орындауы ұлттық өнерге деген құрметті ұғындырды.
Концерт барысында балалар тек ән айтып, би билеп қана қоймай, сахнада ойынға да қатысты. Олар әртүрлі қимыл жасап, «Стоп» белгісімен әріптерді бейнелеу арқылы сахнаны көңілді ойын алаңына айналдырды.
Кеш соңында хордың орындауындағы «Балабақшаға мың алғыс!» әні барлық ата-аналар мен тәрбиешілерге арналған алғыс ретінде шырқалды.
«Болашағы біз елдің» атты финалдық әнмен концерт өз мәресіне жетті. Жеке кәсіпкер Асхат Сафарғалиев тәрбиешілерге алғысын білдіріп, арнайы алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыстады.
Бұл тек мереке ғана емес, еліміздің болашағы саналатын балаларға көрсетілген құрмет пен үміттің белгісі. Осындай тәрбиелік мәні зор концерттер ұрпақтың рухани әлемін байытып, олардың бойында өнерге, елге, мәдениетке деген сүйіспеншілікті оятады.
Жанкелдин ауданы