Торғайда аптап пен киік егінге қауіп төндірді dav

Торғайда аптап пен киік егінге қауіп төндірді

Жангелді ауданында соңғы он күн бойы сақталған аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауы шаруаларды алаңдатып отыр.

Сонымен қатар егістік алқаптарға кіретін киіктер де егінге зиянын тигізуде.

Бидайық ауылындағы шаруашылық басшысы Болат Сералиннің айтуынша, ауа температурасының 40 градусқа дейін көтерілуі бидайдың қалыпты толысуына кедергі болып тұр.

«Күн қатты ыстық. Оның үстіне киіктерден де зиян көп. Мына ыстық бидайды қуырып тастайтын болды. Қолдан келер шара жоқ. Жаңбыр жаумағалы он күндей болды, сынап бағынасы 35–40 градус. Бүгін 40-тың үстінде», – дейді шаруа.

Оның айтуынша, киіктерді егістіктен қуғанымен, олар қайта кіріп, алқаптағы бидайды жеп, таптап кетеді. Ал егінде ауру белгілері байқалмаған. Десе де, биыл дәннің толық толыспай, сапасының төмендеу қаупі бар.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде биыл егін жинау жұмыстары 5,3 млн гектар алқапта жүргізіледі, оның 4 млн гектары – дәнді дақылдар. Мамыр-шілде айларында облыс бойынша 140 мм жауын-шашын түскен, бұл көпжылдық орташа көрсеткіштен 32 пайызға жоғары.

Қазіргі таңда дәнді дақылдардың 67 пайызы жақсы, 33 пайызы қанағаттанарлық деп бағаланған. Сонымен бірге жауын-шашынның мол болуы арамшөптер мен зиянкестердің көбеюіне әсер еткен. Осыған байланысты 3,6 млн гектар алқап арамшөптерге, 970,2 мың гектар зиянкестерге, 687 мың гектар өсімдік ауруларына қарсы өңделген. Шегірткеге қарсы күрес 100 мың гектарда аяқталған.

Қазір облыста орақ науқанына дайындық жүріп жатыр. Егін жинауға 7 825 комбайн, 3 318 дестелегіш, 8 339 жүк көлігі және 15 797 трактор тіркемесі дайын. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына 79 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген, оның бағасы литріне 305 теңгеден аспайды.