Бүгін Қостанайда ауыл шаруашылығы мен ұлттық дәстүрді тоғыстырған ауқымды агрофестиваль басталды. Үш күнге жалғасатын іс-шара аясында «Jańa Dala / Green Day ‘2026» көрмесі жайылды.
Мұнда қостанайлық ірі кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары, заманауи агротехнологиялар, селекциялық жетістіктер мен тәжірибелік алқаптар таныстырылып жатыр.

Көрмеде жергілікті компаниялардың ғана емес, елдің өзге өңірінен келген фирмалар мен зауыттардың өнімдерімен де танысуға болады. Мәселен, Көкшетау қаласында орналасқан «ҚазАгроМаш» ЖШС біздегі агрокөрмелерге тұрақты қатысып келеді. Нарыққа енгелі қостанайлық шаруашылықтармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Осы жолы да техникаларын әкеліпті.

«Біз ел нарығында үш жылдан бері бармыз. Қостанайдағы ауқымды көрмеге агрегаттарымызды алып келдік. Бұл қазақстандық өнім 30 пайызға дейін субсидияланады. Екі жылдық кепілдігі және бар. «ҚазАгроқаржы» арқылы жұмыс істейміз. Негізінен аспалы және тіркемелі ауыл шаруашылығы техникаларын шығарамыз. Меңдіқара, Ұзынкөл, Сарыкөл аудандарында көптеген клиентіміз бар. Қостанайлық компаниялармен де тығыз байланыстамыз. Сіздердегі осындай көрмелердің барлығына қалмай қатысып келеміз. Бұл – өндірушілерге де, тұтынушы шаруаларға да өте пайдалы іс-шара. Фестивальдің соңғы күніне дейін осындамыз», – дейді көкшетаулық зауыттың менеджері Гүлжанар Иштембекова.
Сонымен қатар ауқымды көрмеге елордадан «Астана агропартнер» ЖШС де арнайы келген. Халықаралық масштабта аты белгілі бұл компания да соңғы үлгідегі ауыл шаруашылығы техникасын сатумен айналысады. Компания өкілдері мұндай іс-шара барша қазақстандық аграриймен арадағы әріптестікті нығайтуға зор ықпал тигізетінін айтады.

«Біз Қазақстан көлемінде техника сатумен шұғылданамыз. 2012 жылдан бері нарықтамыз. Бүгінгі көрмемізде ауыл шаруашылығына қажетті италиялық техникалар, құрал-жабдықтар бар. Ресейлік зауыттармен де жұмыс істейміз. Ал енді қостанайлық агрокөрмеге жыл сайын қатысып тұрамыз. Осындай басқосулар біз секілді компанияларға үлкен жол ашады. Биыл қостанайлық диқандарға жүгері, шемішке егетін тұқымсепкіштерді көп саттық. Жер өңдейтін техникалар да сұраныста», – дейді «Астана агропартнер» ЖШС сату басқармасының директоры Ерлан Ермеков.
