Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы қолға алынғалы жергілікті Торғай жастары белсенді түрде қолдап келеді.
Бүгінде аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Ерлік Қуанышұлы бастаған жастардың лагерь жағажайындағы табанды қимылдарына көз ілеспейді.
Демалушы жасөспірімдер көп болғандықтан ол жерлерді жиі тазалауға тура келеді. Ұйымшыл жастар бұл араға осымен екінші рет келіп отыр.
«Таза Қазақстан акциясы аясында Торғай жастары белсенділік танытуда. Қатысушылар күннен-күнге артып келеді. Бұл акцияның, әсіресе, жастарға берері мол. Өзіміздің туған елімізді, жерімізді оларға таза ұстауға үйретіп келеміз. Қазір лагерь жағажайына келіп, үлкен көлемде тазалық жұмыстарын жасап жатырмыз. Бұған дейін демалыс парктерін тазаладық, ауданымзға кіре беріс жол қанаттарын қоқыстардан арылттық. Осы секілді қоғамдық демалыс орындарын жиі тазалауға тура келеді», – дейді Ерлік Қуанышұлы.
Кей жерлерде қоқыс салатын жәшік болмай қалатыны да осы акция асында ескеріліп, айдалаға арнайы қоқыс салғыштар қойылып жатқанына көзіміз жетті. Негізінен бұл жерге шоғырланғандардың жас шамасы 16-дан 35 жасқа дейін.
Ұйым басшысы ынталы жастарды ақпарат құралдары арқылы әлі де іздестіріп жатқандарын жасырмады. Сондай жастардың бірі – волонтер Анар Қасымбек.
«Біз волонтерлер осындай тазалық жұмыстарын жиі жүргіземіз. Ол өзімізден басталады. Ұйым болып жастар ұйымдарының ұйымдастыруымен қызу жұмыс атқарылуда. Осы арқылы өзіміздің тәжірибемізді арттырып, болашақтағы бағыттарымыз айқындаймыз», – дейді Анар Мұратқызы.
Жастардың бұл бастамасына жергілікті «AMANAT» партиясының филиалы да қолдау білдіріп жатыр. Партия филиалының төрағасы Ғабит Сүндетбаев осы уақытқа дейін аудан халқымен бірігіп біршама жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
«Бүгінде тасқыннан кейінгі өзен жағалауларында тазалық жұмыстары жалғасу үстінде. Жастармен бірге депутаттар, мекеме басшылары ұйым болып атсалысып жатыр. Партия белсенділері ерікті түрде өздерінің үлестерін қосуда. Аудан халқы алты бағыттағы су шайған өзендердің бойында қоқыстарды жинау жұмыстарына жұмылдырылды», – деді Ғабит Сүндетбаев.
Суреттерді түсірген Ернұр ӘУЕЗХАН
Жанкелдин ауданы