7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде «ҰРАНДЫ ЕРДІҢ – ҰРПАҒЫ ҚАЙСАР» атты мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Іс-шара алдымен салтанатты жиынмен бастау алып, Жангелдин ауданының әкімі Д.С. Бидашев құттықтау сөз сөйлеп, қызметте жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады.
Сондай-ақ Жангелдин ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі А.Б. Әбдір мерекемен құттықтап, сала қызметкерлері мен ардагерлеріне құрмет көрсетіп, марапаттау рәсімін өткізді. Мереке иелеріне аудандық мәслихат төрағасы Анар Мұратқызы мен әжелер кеңесінің төрайымы Ләззат Жақсылыққызы да құттықтау лебізін жеткізді.
Кеш барысында ерлік пен отансүйгіштік рухын дәріптеген әсерлі әндер шырқалып, патриоттық билер мен көркемсөздер ұсынылды.
Бұл іс-шараның бір ерекшелігі — ер-азаматтарға деген құрмет пен ізетті айшықтаған концертте сахна төрінен тек ақ жаулықты әжелер, ардақты аналар мен қыз-келіншектер өнер көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік кештің басты мақсаты – Отан қорғаушылардың ерлігі мен еңбегін ұлықтап, ел қорғаған азаматтарға құрмет көрсету, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рух қалыптастыру болды.
Айта кетейік, концерттік бағдарламада сексеннің сеңгіріне шыққан әжелеріміз бен балабақша тәрбиеленушілері өнерлерімен көрермен қауымды сүйсінтіп, мерекені жандандыра түсті.
