Бүгін, 16 шілдеде Қостанайда «Тобыл» көлік-логистика кешенінің құрылысы ресми түрде басталды. Бұл – Қазақстанның солтүстік аймағындағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба. Келешекте стратегиялық маңызы зор нүктеге айналады деген сенім бар. Кешен өңірдің ғана емес, елдің экономикалық географиясына елеулі өзгеріс әкеледі деп болжанып отыр…
Нысанның қосалқы атауы – «Құрғақ порт». Бұл Тобыл өңірін Қазақстанның индустриялық орталығына айналдыру мақсатына жақындата түсетін тірек жоба болмақ. Өйткені осы арқылы өңірдің экспорттық әлеуеті артып, даму көкжиегі кеңейе түсері сөзсіз. 

Осыдан үш жыл бұрын жоспары құрылып, жобасы сызыла бастаған кешеннің қазығын қағу орайы енді келіп отыр. Нысан құрылысының салтанатты «жолашар» рәсіміне ҚР премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «Кедентранссервис» АҚ бас директоры Елнар Жұматаев және Allur компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев қатысты.
Министрлік өкіліне логистикалық хабқа қатысты жан-жақты ақпарат берілді. Кешеннің жалпы аумағы – 133,6 гектар. Салынған инвестиция көлемі – 64 млрд теңге. Жобаны «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдауымен Кедентранссервис» АҚ жүзеге асырады. Құрылыс 2027 жылы аяқталады делініп отыр. Кешен толық қуатына көшкен соң жылына жиырма футтық 400 мың контейнер немесе 11 млн тонна жүк өткізуге қауқарлы болмақ. 500 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады.
Айтқандай, логистикалық орталық Индустриялық аймақта, КІА зауыты, «KamLit KZ», «МТЗ-Қазақстан» машина жасау зауыты» ЖШС, Allur сияқты ірі кәсіпорындардың іргесінен орын тапқан. Кешен аумағында қоймалар, терминалдар, кедендік тазарту, ІТ-аймақ тәрізді нысандар орналастырылады. Жүк тасымалы процесін қас қақпай бақылап отыратын жағалай цифрлық жүйемен құрылымдау мүмкіндігі де қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, «Құрғақ порт» заман талабына, соңғы үлгіге сәйкестендіріліп салынады.
«Мұны аймақтық жоба деуге ғана болмайды. Бұл – ұлттық инфрақұрылымдық торап. Бұл – Қазақстанның жаһандық тасымал тізбегіндегі позициясын нығайта түсетін экономикалық даму катализаторы. Біз логистикалық торап салып қана қоймай, елдің жаңа экономикалық географиясының берік негізін қалап жатырмыз. «Тобыл» логистика, цифрландыру, білім беру және индустрия салаларының басы тоғысатын зияткерлік платформаға айналады», – деді премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев.
Облыс әкімінің айтуынша, бұл кешен Орталық Азия, Қытай, Түркия, Иран, Ауғанстан және Еуропаны өзара байланыстыратын халықаралық көлік дәліздерімен бірікпек. Сондай-ақ, бірінші кезекте, Тобыл өңірінің экономикалық дамуына елеулі ықпалын тигізері шүбәсіз.
«Тобыл» көлік-логиятика кешенінің келешегіне аса зор үміт артамыз, – дейді өңір басшысы Құмар Ақсақалов. –Мемлекет басшысының өзі алдымызға Қазақстанды Еуразия логистикасының орталығына айналдыру міндеттемесін қойды емес пе. Сәйкесінше, біз мұны жүзеге асыруды нақты істен бастап жатырмыз. Логистикалық орталық салу – стратегиялық қажеттілік. Жаңа өндірістерді іске қосқн сайын көлем де арта түсуде. Толыққанды хаб болмаса, әрекетіміз түбі берекетсіздікпен, күйреумен аяқталуы ғажап емес. Сондықтан Құрғақ порт өңірдің қарқынмен дамып келе жатқан өнеркәсібіне логистикалық демеу болады».
Өңір басшысы жаңа кешен экспорттың артуына, инвестицияның молаюына, бизнестің жаңа белестерге көтерілуіне елеулі серпін беретінін айтты. Бұл, әрі-беріден соң елдің экономикалық тәуелсіздігіне жол аша түседі деген сөз.
«Жаңа кешен кәсіпорындар үшін логистикалық шығындарды төмендетуге, экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытуға және өңдеу секторына жаңа инвестициялар тартуға, сондай-ақ жаңа өнеркәсіп кәсіпорындарының пайда болуына жағдай туғызады. Кешеннің бизнес үшін тартымдылық нүктесіне айналарына және өңірдің одан әрі өнеркәсіптік тұрғыда дамуына серпін береріне сенімдіміз», — дейді «Тобыл» көлік-логистика кешенінің директоры Айдын Әлімов.
Билік өкілдері өзара кеңестен соң болашақ логистика торабына алғашқы темір жолды салу рәсіміне куә болды.

Бұдан кейін премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев құрылысы аяқталуға жақын қалған КІА, «KamLit KZ» ЖШС зауыттарын аралап, тыныс-тіршілігімен, жұмыс барысымен танысты.
Айта кетейік, биыл жылына 70 мың көлік құрауға қауқарлы KIA зауытын, жалпы қуаты 220 мың бірліктен асатын автокомпоненттер мен жиынтықтауыштар өндіретін кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Ал дамыған логистикасыз мұндай кластер құру мүмкін емес екені анық.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
