Бірлік пен денсаулықтың мерекесі

Бірлік пен денсаулықтың мерекесі

Рудный қаласында «ССКӨБ» АҚ ұжымдары арасында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған жазғы спартакиаданың жеңімпаздары анықталды.

Бір айға созылған додаға «Еуразиялық Топтың» 600-ден астам қызметкері қатысып, тоғыз спорт түрінен 168 медаль сарапқа салынды.

Спартакиада – бұл тек жарыс емес, ұжымдық рухтың, ұйымшылдық пен әріптестік жауапкершіліктің көрінісі болды. Қатысушылардың басым бөлігі – AMANAT партиясының белсенді мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен қалалық мәслихат депутаттары. Олар жарысқа қатысумен ғана шектелмей, ұйымдастырушылық жұмыстардың да бел ортасында жүрді.

blank

Бұл партиялық ұйымдардың жұмыс ұжымдарымен тығыз байланыста екенін айғақтайды.

blank

Спартакиаданың негізгі ұйымдастырушыларының бірі – «ССКӨБ» АҚ «Көлік кешені» бастауыш партия ұйымының төрағасы, жарыстың бас төрешісі Александр Лунев.

«Спартакиада – бұл біздің дәстүрімізге айналған маңызды іс-шара. Мұнда қызметкердің лауазымына немесе бөлімшесіне қарамастан, бәрі бір алаңда, бір мақсатпен бірігеді. AMANAT партиясы салауатты өмір салтын, ұжымдық рухты нығайтатын бастамаларды әрдайым қолдайды. Партия мүшелерінің, бастауыш ұйым төрағалары мен депутаттардың қатысуы – бұл біздің ұстанымымыздың нақты көрінісі: елмен бірге болу, белсенділік таныту, үлгі болу», – деді Александр Лунев.

Жарыстар шағын-футбол, баскетбол, волейбол (ерлер және әйелдер), үстел теннисі, жүзу, жеңіл атлетика, кросс және функционалдық фитнес сияқты спорт түрлерінен өтті. Биыл алғаш рет 35+ санатындағы шағын-футбол және көп жылдан кейін басқарма құрамасының баскетболда жеңіске жетуі ерекше жаңалық болды.

Нәтижесінде Бас басқарма мен кіші цехтардың құрамасы бас жүлдені иеленді. Екінші орынды – ЦПО, ЦРПО және ЦОРФО құрамалары, үшінші орынды – «ERG Service» ЖШС еншіледі. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне кәсіпорын әкімшілігі, кәсіподақ комитеттері, AMANAT партиясы мен Jastar Ligasy жастар қанаты қолдау көрсетті.

Үздік спортшылар қатарында Наталья Калинина, Сергей Масько, Евгения Кузнецова, Станислав Бушуев, Артур Ляубах, Асхат Балтабаев және Максим Апугов аталды. Олардың көпшілігі – спорттағы жетістіктерімен қатар, қоғамдық өмірге де белсене араласатын азаматтар. Жазғы спартакиаданың қорытындысымен бірге енді қысқы кезеңге дайындық басталды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Рудный қаласы