Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров «АрселорМитталТеміртау» компаниясына қарасты Костенко шахтасында орын алған алапат апатқа байланысты қарағандылықтарға көңіл айтты деп хабарлайды Қарағанды облыстық “Орталық Қазақстан” газетінің ресми сайтынан.
Көңіл айту хатында былай делінген:
«Костенко шахтасында орын алған апат кезінде қаза болған кеншілердің отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. «АрселорМитталТеміртау» компаниясының шахталарында апатты жағдайлардың жиі орын алуы өкінішті. Кәсіпорын басшыларының салғырттығы салдарынан қаншама отбасы асыраушысынан айырылып, қасірет шегіп отыр. Мұншама қайғының орнын толтыру мүмкін емес. Кешегі апат – Қарағанды көмір бассейні тарихындағы ең ірі апаттардың бірі. Ауыр қайғы. Осындай қиын сәттерде зардап шеккендерге рухани қолдау көрсетіп, ауыр қайғыны бөлісіп, жылы лебіз білдіріп жатқан барша отандастарыма алғысым шексіз. Мен қандай жағдайда да халқыммен біргемін! Қайғыңа ортақпын, Қарағандым! Қаза болғандардың иманы саламат болсын, жарақат алғандар тез сауығып, отбастарына оралсын!
Тоқтар ӘУБӘКІРОВ,
Халық Қаһарманы, Қарағанды облысының Құрметті азаматы