30 мая, 2025
Биыл Қостанай қаласында тоқсан көше жөнделеді

Биыл Қостанай қаласында тоқсан көше жөнделеді

Биыл Қостанай қаласының жолдарын жөндеуге 9,1 млрд теңге бөлінді. Бұл – былтырғыдан екі есе көп қаржы. Қалыпқа келтіру жұмыстары басталып та кеткен. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов ең ірі жобалармен арнайы барып танысты.

Қомақты қаражат тоқсан көшені жөндеп, елу шақты ауланы игілендіруге жұмсалғалы отыр. Нәтижесінде тозығы жете бастаған қалаішілік жолдар жаңартылады. Өңір басшысы өзі бас болып, бірнеше уческеде енді қолға алынған жұмыстарға зер салып қайтты.

Қалпына келтіру жобасы басталған аумақтардың бірі – Сьянов көшесінің Гоголь-Рабочий көшелері аралығындағы учаске. Мұндағы жол 14 метрге дейін кеңейтіліп, барлық инженерлік коммуникация бастан-аяқ алмастырылады. Төсемтастар жаңадан салынып, жиекжолдар толық жөнделеді. Құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан мердігер компания – «Арвис» ЖШС.

«Жоба құны 1,6 млрд теңгеден асады. Қыркүйек айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазір жұмыс үш кварталда бірдей жүріп жатыр. Екі апта шамасында Тәуелсіздік көшесіне дейінгі учаскені жаңа жол төсеуге әзірлеп бітеміз. Қаржы жеткілікті, техника мен жұмыс күші сақадай сай. Әзірге ешқандай қолбайлау жоқ», – дейді мердігер Владимир Аветисян.

Өңір басшысы да жұмыстың үзіліссіз жүруін, уақытылы әрі сапалы аяқталуын қатаң бақылауда ұстайтынын, қай кезде де жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«Бұл компанияның облыс көлемінде өте ауқымды жұмыс атқарып жатқанынан хабардармыз. Қалада да қолға алған жобаларыңыз аз емес. Жалпы, дәл осы жолдың жөнделуі Қайырбеков және басқа да көшелерге түсетін салмақты жеңілдетер еді. Ол үшін жұмыс мерзімінен кешіктірілмеуі керек. Істеріңізге сәттілік», – деді облыс әкімі.

Мұның сыртында Қайырбеков көшесінің Тәуелсіздік-Лермонтов көшелері аралығындағы бөлікке орта деңгейдегі жөндеу жұмысы жүргізілгелі жатыр. Бас мердігер – «ВАН» ЖШС. Серіктестік басшылығының ақпаратына сенсек, жөндеу 31 шілдеде аяқталады. Құмар Іргебайұлы бұл жобаның да қала тіршілігі үшін зор маңызға ие екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл көше осыдан алты жыл бұрын жөнделген. Тозығы жеткенін аңғару аса қиын емес. Кей тұсы ойпаң тартып, жауын-шашын сайын көлшік жиналатыны тұрғындарға да мәлім. Сондықтан осы олқылықты қалыпқа келтіруге қосымша қаржы бөлу көзделіп отырғанын айтты өңір басшысы.

Орташа жөндеуден өткелі жатқан тағы бір учаске – Назарбаев көшесінің Қайырбеков-Дөненбаева көшелерінің аралығы. Көлік қозғалысы толастамайтын бұл жолдың да жөндеу көрмегеніне бес жыл болған. Мұнда да «ВАН» ЖШС жұмысты бастап жатыр. Құжат бойынша, 1 тамызға дейін пайдалануға берілуге тиіс.

Ж.Балғынбекұлы

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ