ТОЙДАН КЕЙІНГІ ОЙ. Танымал тұлғалар әсерін бөлісті

ТОЙДАН КЕЙІНГІ ОЙ. Танымал тұлғалар әсерін бөлісті

Алаш арысы, ұлттың ұлы тұлғасы Міржақып Дулатұлының мерейтойы Торғай төсін дүбірге бөледі. Екі күнде дүркіреп өте шыққан мерекенің ел есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Қалың қауым тойдан қандай әсер алды, нендей тағылымын жадына түйді? Торқалы тойға куә болған бірнеше тұлғаның ой-пікірін оқырманмен бөліспекпіз.  

 Ұлылар елінің ұлағаты

       Тойға қуана-қуана бардық. Күн бұрын жолға шығып, әуелі ат басын Қызбел-Бидайыққа бұрдық. Ұлы тұлғаның басына барып, басымызды иіп тағзым етіп, дұға оқыдық. Музей-үйін көріп, рухтанып, рахаттанып қалдық…

Жақаң сүйегі жатқан ауыл туралы бір ауыз сөз айта кетсем деймін. Мен Жанкелдин ауданында жұмыс сітеген адаммын. Соның бес жылында, 1969-1976 жылдары банк басшысы болдым. Бидайық кеңшары сол кездері құрылған еді. Байлығы шалқып тұрған ауылдардың бірі болатын. Бүгінде әбден жүдеп-жадап, 14 қана отбасы қалыпты. Бірақ оған да шүкір дедік. Жан баласы қалмағанда не болар еді? Әйтеуір Міржақып атамыздың басында шырақшы болып, аздырмай-тоздырмай қарап отыратын азаматтар бар екен. Бұл да бір көңілге медеу.

Ал енді жалпы тойға жақсы қамданыс жасаған жергілікті биік өкідеріне аға буын атынан алғысымызды айтамыз. Торғайға жетсек, бұрынғы әуежай аппақ қалашыққа айналып шыға келіпті. Киіз үйлердің сәні қандай! Бірінен бірі өтеді. Іші-сырты ұлтық нақышта әшекейленген. Біздің делегация бір үйге бекітілген екенбіз. Бірақ туған ауылым Ақшығанақтың балалары мені бірден тауып алды да, қуанып, құшақ жая қарсы алып, төрге шығарып жатыр. Қасымда Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың баласы Нығметжан, қазақтың үлкен академигі, Тұран университетінің құрылтайшысы Орақ Әлиев, Есіл университетінің бірінші ректоры Серік Бақыт секілді зиялы азаматтар бар еді. Сый-құрметке бөленіп, мәре-сәре болыстық. Жалпы, киіз үйлердің атауына, реттік нөміріне қарап жатқан жан болған жоқ-ау, кірген адамды төбесіне көтеріп, дархан дастарханнан дәм татырып жатты. Торғай халқы қонақжайлығын, адам баласын жатырқамайтынын, ұлылар елінің ұлағаты терең екенін көрсетіп берді.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов және облыс басшысы Құмар Ақсақаловпен ресми іс-шаралар аясында дидарғайып кездесіп, көзайым болып қалдық. Кезінде осы екі азаматпен де жұмыс істеген адам едім. Жақсы себеппен жолығысу деген осы. Сондай-ақ тойға арнайы келген Берік Бейсенғалиев, Қазыбек Иса сияқты халық қалаулыларымен, кқрнекті тұлғалармен бірге жүріп, барлық салтанатты іс-шараның басы-қасынан табылдық. Ақындар айтысына бардық, халықаралық марафонның тұсаукесеріне, конференцияға және өзге де тағылымы мол бағдарламаларға қатыстық. Алған әсерді ұзақ уақыт ұмыта алмасымыз айдан анық.

Бастысы, халықтың көтеріңкі көңілін көріп, біздің де мерейіміз асып-тасыды. Торғай жұрты жан-жақтан келген меймандарын бауырына тартып, кең пейіл танытып, керемет құрметтеді. Жақаң тойынан өне-бойға жігер бітіп, құдіретті бір қуат алып қайтқандай болдық. Туған жердің қуанышы тарқамағай!

Ғалым БАЙНАЗАРОВ,

қаржыгер-экономист,

ҚР Ұлттық банкінің алғашқы төрағасы

Той жасаса, Торғай жасасын!

blank

Торғай мен той деген сөз маған бірдей сияқты. Өзім 80-ге келгелі Торғайдай той жасайтын елді көргенім жоқ. Барын салады. Осы жолғы тойдың да деңгейі өте жоғары, әрбір жағын жақсы ойластырған. Адамдардың бір де бірінің қабағы түсіп, ренжігенін көрген жоқпын. Қонақтарын сыйластықпен қарсы алып, қимастықпен шығарып салды. «Қайдан келдің, кім едің?» деп сұрамай, меймандос көңілін білдірді. Өзімнің қасыма еріп барғандардың бәрі дән риза. Алыс-жақыннан келген басқалардан да сұрадым – бәрі-бәрі тәнті. Негізі, көп нәрсе жерге емес, елге байланысты. Елдің дағдысына, салт-санасына байланысты. Торғай – той жасап үйренген ел, көргенді ел. Арғыдағы ата-бабамыздың дәстүрін жалғастырып келе жатқан жұрт. Осы тұрғыдан алғанда, мерейтой мінсіз болды.

Бізді әкімдікке жинап алып: «Тойды қайда жасаймыз?» деген сауал тасталды ғой. Сол кезде біреулер «Қостанайда өткізейік, қаланың аты – қала, Торғайда жасау ұят болады» дегенді айтты. Сонда Гүлбану Сәрсекеева қарындасымыз: «Жоқ, Торғайда өткізейік. Өйткені бұл Торғайдың рухан көтереді. Қазір Торғай қиналып жүр, жағдайы, тұрмыс-тіршілігі онша мәз емес. Сондықтан тойды Міржақып атамызың туған топырағында жасағанымыз дұрыс», – деп айтқан еді. Шынында да бұл өте дұрыс шешім болды. Халықтың рухы көтеріліп қалды. Торғай әуелден-ақ рухты ел еді ғой. Ал бұл мерейтой одан сайын серпілте түскендей. Барған адамдардың да рухы асқақтап қайтты. Адамның рухы көтерілгенге не жетсін!

Кеше Торғай облыс болып тұрған кезде қызмет істеген өзге өңірдің азаматтары көп болды ғой. Қай-қайсысы да бұл елді мақтап отырады. Мәселен, өткен бір жолы Талтықорғанға жол түсті. Сонда бұрын Торғайда қызметте болған кісілердің үйіне қонақ болып бардық. Бәрі Торғайды айта алмай отырды. «Қандай жер, қандай ел еді! Керемет өмір сүріп едік ол жақта» деген сияқты жылы естеліктерін айтты. Одан бөлек, тарихқа шегініс жасасақ, Торғайға 1968 жылы Ыбырай Алтынсарин алғаш барған кезде жердің жұтаңдығын көріп шошып кеткен екен. «Мынау адам өмір сүретін жер емес, сотталғандар тұратын жер ғой» деген рәуіште Ильминскийге хат жазған. Екі-үш жылдан кейін, жергілікті адамдармен танысқан соң, халықпен етене араласқасын пікірі түбегейлі өзгеріпті. Мәселе жердің жұтаңдығында емес, бәрі елдің әдет-ғұрып, салт-дәстүріне болмысына байланысты. Соны көріп, көңілі өсіп, «Менің Торғайым» деп кеткен екен.

Торғайдың тағы кереметтігін айтайын. Кезінде бекініс салып, казактардан 200 атты әскер апарды. Тағы екі жүз казак жіберілді. Солардың бәрі орыстандыра алмады ғой. Орыстана алмаған Торғай ғой бұл. Өзінің дәстүр-салтынан ешқашан алшақтамаған ел ғой бұл. Осы қасиетті топырақтан қандай тұлғалар шықты десеңізші. Ахаң мен Жахаңның өзі неге тұрады? Ахаң-Жахаң тойына шақыру маған тапсырылған кезде есептесем, 300-ден астам ғалым бар екен. Қазірдің өзінде 20-дан астам академик бар. Сондықтан Торғай – ағаш өспегенмен, адам өсетін жер. Ғафу Қайырбековтің: «Бұл Торғайдың топырағын тексеру керек, құмын зерттеу керек», – деген сөздері осындайда еске түседі. Рас, Торғайды басқалармен салыстыра алмайсың. Болмысы мүлдем бөлек жер. Осынысын Жақаң тойын жасау барысында тағы бір дәлелдеді. Той жасаса, Торғай жасасын!

Серікбай ОСПАНҰЛЫ,

көрнекті ақын, ғалым, ҚЖО мүшесі

Көз қуанып, көңіл қуат алды 

blankҰлттың ұлы тұлғасы Міржақып атамыздың Торғайдағы тойынан керемет әсер алдық. Алдыңғы жылы Алаш жұртына сауын айтылған Ахаң тойы ақыры аяқсыз қалып, бәріміздің көңіліміз аласарып қалып еді. Жақаң мерейтойы осы бір олқының орнын толтырғандай болды.

Той мазмұндық жағынан да, ұйымдастыру тұрғысынан да жоғары деңгейде өтті. Бағдарламасы да бай екен. Егжей-тегжейлі дайындық жүргізілгені айқын көрінді. Аудан, облыс басшылары және жалпы халық ұйымшылдық таныта білді. Елдің әр өңірінде болып жататын дүбірлі думандардан артық болмаса, еш кемдігі жоқ. «Жақаң рухына тағзым етудің өнегесі осындай-ақ болса керек» деп, жанымыз жадырап, бір жасап қалдық.

Дүйім жұртты ұйыстырған іс-шаралардың қай-қайсысы да сән-салтанатымен өткізілді. Қайсыбірін айтайық, рухани, мәдени, спорттық бағдарламалар, әр алуан сайыстар мен жарыстар, мәнді мәжіліс, мазмұнды жиындар жадымызға жарқын із тастады. Көрер қызық, түйер тағылым мол болды. Ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылған ұлағатты ойлар Жақаңның қайраткерлік, шығармашылық қызыметін айқындап аша түсті. Қаз-қатар тігілген киіз үй қалашығының маңындағы шат-шадыман көңіл-күй, ұлттық нақыш, айшықты ою-өрнек, төл өнердің көрмесі, дархан жұрттың қонақжай пейілі – бәрі-бәрі көз қуантып, көңіл тойдырды.

Шалғайдағы Жақаң ауылы да айтарлықтай жанданып, сәулеттеніп, көркейіп қалды. Қатынас жолы қалыпқа келіп, әлеуметтік, рухани нысандар жаңа кейіпке еніп, ауыл жұртының бір кемдігі бүтінделгенін көрудің өзі қандай қуаныш!.. Тілеріміз – Торғай халқының тойы тарқамай, ырыс-берекесі таси берсін, Мемлекет басшысы айтқандай, қасиетті өлкенің тыныс-тіршілігі әркез назарда ұсталып, өшкені жанып, жетіліп-дамып, ілгерілей түссін!

 Серік ШАЙМАН,

Қазақстан журналистикасының ардагері

 Жақаң тойынан өсіп қайттық

blank

Бұл Торғайдың көптен күткен тойы еді. Алдыңғы жылы Ахаңның 150 жылдығы басталмай жатып аяқталғаны бәрімізге белгілі. Сондықтан Міржақып атамыздың мерейтойын өткізу Торғай халқын бір сілкінтіп, серпілтіп тастады. Жалпы, бағдарлама өте жақсы жасалған. Ұсақ-түйегіне дейін тыңғылықты ойластырылғанына көзіміз жетті. Көптеген ірі жобаға да куә болдық. Оның ішінде «Ұлы дала жорығының» да Жақаң тойына арналып, Торғай жерінен бастау алуының өзіндік мағынасы бар. Өйткені бұл осынау Ұлы даланы азат ету жолында арпалысқан Алаш ерлеріне деген тағзым мен құрмет белгісі тәрізді. Қаншама ел мен жерден ат құлағында ойнаған шабандоздар жиналған. Олардың көк туды төбелеріне көтеріп шыққанының өзі – адам жанына рух беретін дүние.

Одан бөлек, өнер сүйер қауымды ұйытқан ақындар айтысы, жыр мүшәйрасы, толассыз ән-күй думаны торқалы тойдың шырайын аша түсті. Таңнан басталған тартысты балуандар күресі түн ортасына дейін жалғасып, халық тікесінен тік тұрып тамашалады. Қай жарыс-сайыстың да жүлделері қомақты. Ол торғайлық азаматтардың ауызбірлігінің арқасында ортақ қорға жиналды. Осылайша торғайлықтар тойдың жауапкершілігін сезініп, тас-түйін дайындалғанын көрсетті. Торғай төсі дүбірлі думанға бөленіп, сән-салтанатқа кенелді. Кент көшелерінің түн баласы самаладай жарқырап тұруының өзі жүрекке жылу сыйлайды екен.

Мерейтойға жан-жақтан ағылған нөпір қауыммен қоса, алыс-жақындағы ел ағалары да арнайы келді. Мәселен, Төлен аға Әбдіктің үлкен жасына, денсаулығына қарамастан, той басында төбе көрсетіп, конференцияда тебірене сөйлеуінің өзі неге тұрады? Жалпы, Торғайдың тойынан өсіп қайттық, көңіліміз марқайып оралдық. Жергілікті жұрттың жаны жадырағанын, мейірі тасып, шөлдегені басылып, еңсесі көтеріліп қалғанын көргенімізге бек қуаныштымыз. Өткен де кеткен өкініштің бәрін осынау екі күндік той жуып-шайып жібергендей.

Іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне облыс басшылығының зор ықылас-ынтамен көңіл бөлгенін, міндет-парызды мінсіз атқаруға күш-жігер жұмылдырғанын аңғару қиын емес. Құмар Ақсақалов мырзаның Жақаң тойына жіті назар аударғаны оның командасының тап-тұйнақтай жұмысынан байқалып-ақ тұрды. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлының той басында бастан-аяқ жүруі, әрбір ілкімді істің маңынан табылуы шынайы жанашырлықтың белгісі іспетті көзге жылы ұшырады. Жанкелдин ауданының әкімі Дінмұхамед Бидашев жас та болса өзінің іскерлігін, елді бірлікті іске жұмылдыра білетін қабілетін көрсетті. Лайым қасиетті қарт Торғайда сүйіншілі жаңалықтар, Алаш жұртына сауын айтар дүбірлі тойлар жалғасын таба бергей! Тәңіріміз елді бірлік-берекесінен айырмасын!

Анар ТӨЛЕУХАН,

журналист, қоғам белсендісі

 Алаш рухының алтын ордасы

blank20-21 қыркүйекте Торғай даласы дүркіреп, елдік рухтың айрықша сәтін бастан өткерді. Қазақтың ардақты перзенті, Алаш қозғалысының қайраткері Міржақып Дулатұлының мерейтойы Торғай жұртшылығының көптен күткен ұлы мерекесі еді.

Торғай жұрты бұл мерекені аңсай күтті, соған жан-жақты дайындалды. Жыл басынан-ақ «140 жылдыққа – 140 іс-шара» атты жоспар құрылып, соның аясында барлық аудан-қала, ауыл-ауылда түрлі деңгейдегі іс-шаралар дүркін-дүркін өткізіліп жатқанынан хабардар болып отырдық. Ал мерейтой басталған күні аудан орталығы халыққа лық толып, көшелерде ақшаңқан үйлер тігіліп, думан көрігі қызды. Бұл тойды Торғай елі өз мерейі мен мақтанышы ретінде қабылдады. Аламан бәйге, балуан күресі, жыр-терме байқаулары – барлығы жұрттың делебесін қоздырып, рухын көтерді. Әсіресе, жас ұрпақтың Міржақып өлеңдерін жатқа оқып, шағын сахналық қойылымдар қоюы ел жадындағы Алаш рухының өлмегенін дәлелдеді. Ғылыми конференцияларда сөз алған зиялы қауым өкілдері Міржақып еңбегінің осы күнге дейін өзекті екенін айтып, оның азаттық жолындағы ерлігін дәріптеді.

Мерейтойдың ең бір елеулі оқиғасы – Қостанай қаласында Міржақып Дулатұлына арналған еңселі ескерткіштің ашылуы. Бұл да халықтың мерейін үстем етіп, ұлт қайраткеріне деген құрметті мәңгілікке тарих бетіне таңбалады. Ескерткіш алдында өткен салтанатты жиын Міржақып рухының ел жүрегінде тірі екенін айқындаған сәт болды.

Торғай – қазақ руханиятының алтын бесігі. Осы топырақта туып, алты алаштың алтын айдарлы арыстарына айналған, тұтас ұлттың маңдайына бақ болып біткен тұлғаларды санасақ, соңына жетпеспіз. Сондықтан бұл мерейтой – қарапайым мереке емес, тарихтың оянған, рухтың жаңғырған әсем де әсерлі оқиғасы. Той көңілі жүдеу жүміле жұрттың еңсесін көтеріп, халықтың туабітті ауызбірлігін айқындап, айшықтап берді. Торғай даласы тағы да Алаш рухының алтын ордасы екенін дәлелдеп көрсетті.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Алаштанушы ғалым, жазушы