Екі жыл ішінде Қарабалық ауданында бірнеше ауылдың жолы жөнделеді. Биыл өңірде аудандық маңызы бар алты автокөлік жолы қолға алынбақ. Оның ішінде Тоғызақ ауылына кіреберістегі 5,6 шақырымдық көтерме жол да бар.
Аудандық ТКШ және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Дәурен Алматовтың айтуынша, қазіргі таңда барлық жоба бойынша мердігер компаниялар анықталған.
-Тоғызақ ауылына кіреберіс жолды жөндеу жұмыстары өткен жылы басталған. Оған бюджеттен 341 млн теңге бөлініп, 4,8 шақырымына асфальт төселді. Мұның сыртында Надеждинка ауылына кіреберістегі 10,8 шақырым жол да жақын арада тақтайдай етіп тегістеледі. Сондай-ақ, Михайлов-Лесное арасындағы 6,9 шақырымдық жол, Бөрлі-Лесное аралығындағы 17,4 шақырымдық жолдар да қалпына келтіріледі,-деді бөлім басшысы.
Оның айтуынша, мердігер компания бұдан бөлек Қарабалық кентіндегі Восточная және Герцен көшелерін асфальттауға дайындап жатыр. Жалпы, аудандағы тоғыз елді мекенде барлығы 22 көше талапқа сай жөнделмек.
Осыған дейін ауылішілік жолдарды жөндеуге қазынадан 50 млрд теңге қаржы жұмсалатындығын айтқан едік. Оған астықты өңірдегі бір мың шақырымдай жол және 280 ауыл көшесін жаңарту жоспарланған. Айтпақшы, облыс бойынша жаңадан салынатын 19 фельдшерлік-акушерлік пункттің біреуі Тоғызақта бой көтермек. Қазір оның да құрылыс жұмыстары басталды.
Әлібек ЫБЫРАЙ