Енді төтенше жағдай жарияланған өңірлерде атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындар тиісті органдарға барып, құжат тапсырудың керегі жоқ. Базадағы тізім бойынша жеке куәлік арқылы жағдайы анықталады, сөйтіп тиісті көмек аударылады. Бұл туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Максим Устинов айтты.
“ҚР Премьер-министрі орынбасарының бұйрығы бойынша, ТЖ жарияланған өңірлерде АӘК төлемдері автоматты түрде ұзартылады. Яғни, бірінші тоқсанда Қостанай, Арқалық қалалары мен Аманкелді, Жанкелдин, Қарасу, Қостанай аудандарынан осы көмекті алған адамдар өтініш беруге міндетті емес. Оны Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі төртінші тоқсандағы табысын есептеп, автоматты түрде ұзартады. Тұрғындар құжат әзірлеп әуре болмас үшін осындай жеңілдік жасалып отыр”, – деді Максим Устинов.
Ал бірінші тоқсанда АӘК ала алмаған тұрғындар жеңілдетілген формада құжат әзірлеп тапсыра алады.