Жетпіс жылға жақын тарихы бар Арқалық қаласында көпқабатты үйлердің көпшілігі ұзақ уақыттан бері жөндеу көрмегені жасырын емес. Сол себепті, жауын-шашынды күндері кейбір тұрғындар пәтерлерінің төбесінен тамшы ағып, әуре-сарсаңға түседі.
Жылда өзектілігін жоймаған бұл мәселе облыс әкімінің таяуда өткен қала халқымен есептік-кездесуінде де көтерілген болатын. Қала билігіне етене таныс проблема соңғы екі жыл қатарынан облыс бюджетінен бөлінген қаражатқа ондаған үйлерге жөндеу жүргізу арқылы біртіндеп шешімін тауып келеді. Оның сыртында, тығырықтан шығудың өзге де амалдары қарастырылуда.
Төбеден аққан суды уақытша болса да тоқтатудың бір жолы – жекеменшік пәтер иелерінің бірігіп қаражат жинап, құрылыс материалдарын сатып алуы. Материал болса тиісті мекеме тегін – ақ жауып береді. Міне, енді осындай жедел қарекет жасаудың арқасындакөкейтесті мәселесін шешкен тұрғындар алғыстарын айтып жатыр.
«Тамшы аққан үйде береке болмайды. Өзім ІІ топтағы мүгедекпін. Үйіміздің төбесінен су ағуына байланысты әкімдердің қабылдауларында болып, арыз-шағымдарымызды айтқан болатынбыз. Өтінішімізді жерде қалдырмады. Қажетті материалды өзіміз сатып алдық. Көршілеріміз көп көмек көрсетті. «Іскер-Арқалық» мекемесінің жұмысшылары келіп, жылдамдатып төбемізді жауып берді. Өзім денсаулығыма қарамастан, төбеге шығып, жұмыстың басы-қасында болдым. Одан бері бірнеше рет жауын жауды, бұрынғыдай үйімізден тамшы аққан жоқ. Халықтың жанайқайына бейжай қарамаған қала әкімі Әмірхан Біркенұлына, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жандос Болтайұлына А.Байтұрсынов көшесі, №23 үйдің №17,18,19,20 пәтер иелерінің атынан шынайы алғысымызды білдіреміз»,– дейді қала тұрғыны Бүркітбай Искаков.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы