“Тобыл” футбол клубы ұйымдастырған қайырымдылық бәссаудада бас бапкер Нұрбол Жұмасқалиевтің 2023 жылы Қазақстан кубогында ұтқан алтын медалі 200 АҚШ долларына сатылды. Бұл бағалы бұйымды қостанайлық Абзал Нұржанұлы сатып алды.
Абзал Нұржанұлы бұған дейін команда капитаны Роман Асранқұловтың биылғы эксклюзивті жидесін жиырма бес мың теңгесін салып, ұтып алған болатын. Осы түскен қаражат Тобыл қаласының ДСП диагнозы қойылған Рахат, Сырым есімді кішкентай тұрғындарына аударылады.
“Жуырда қиын жағдай біздің отбасымыздың басынан да өтті. Әкем ауыр дертпен күресіп жатқанда осы “Тобыл” футбол клубы қол ұшын берген еді. Қазір ол кісінің жағдайы тәуір. Жақында Челябі қаласынан шұғыл ота жасатып келдік. Енді біздің де көмектесетін кезегіміз жетті”, – дейді Абзаловтар отбасына абзалдық танытқан Абзал Нұржанұлы.
Бәссаудаға осыдан жиырма екі жыл бұрын “Тобыл” сапында өнер көрсетіп, Еуро ойындарында бельгиялық клубтың нысанасын дәл көздеген Валерий Гаркушаның жидесі де тігілді.
Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншының жидесін рудныйлық Асқар Бижанов сатып алды.
“Валераның бір ұжымда ойнаған досы болып келемін. Түйдей құрдастығымыз да бар. Бұл мен үшін досымнан үлкен ескерткіш болды”, – дейді Рудныйдан арнайы келіп, қайырымдылық іс-шараға үлес қосқан Асқар Бижанов.
Жоғарыда айтылған 200 АҚШ долларынан бөлек, қайырымдылыққа 389 мың теңге қаржы түсті.
Ең жоғары бағаға “Тобылдың” орталық қорғаушысы Папе Ндиайенің жейдесі сатылды – 28 мың теңге.
Ол жидені ойыншының өзі команданың кішкентай жанкүйеріне өз қолымен табыс етті.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді ұсынған клубтың баспасөз қызметі