“Тобыл” жанкүйерлерімен кездесті 

“Тобыл” жанкүйерлерімен кездесті 

“Тобыл арена” кешені күндегіден мүлде бөлек. Алаң ортасынан табылып жүрген кейіпкерлер жанкүйерлердің ортасында жүр. Жұлдыздармен суретке түсіп, ішкі эмоциясымен бөлісу бақытына ие болған футбол сүйер қауымның көңіл-күйін бір сөзбен айтып жеткізу тіптен қиын. Клубтың ашық жаттығуына келген жанкүйерлер футболшылардың дайындығын емін еркін сырттай бақылап жүр. Үзіліс кезінде ортада бірге доп теуіп, тәжірибе алмасқандары да болды.

Мансур да келешекте осы футболшылар сияқты алаңда ойқастауды армандайды. Жетінші сыныпта оқитын жеткіншектің күнделікті жаттығуды жібермейтіні де сол. Өскенде әлемнің “Барселона” сияқты әйгілі клубында ойнағысы келетін ол болашақта өзіне қолайлы позиция ретінде оң жақ қапталды таңдап қойған.

“Біздің ойынмыз жанкүйерлер арқылы бағаланды, әсіресе, осы кішкене жанашырларымыз үлкендердің аяқ алысына қарап өсіп келеді. Балалардың кіршіксіз көңілдері ойыншыларыма керемет дем береді. Еуро кубок ойындарында жақсы өнер көрсеткенімізбен, чемпионатты қалыпты деңгейде алып жүруде біраз кедергілер болғанын мойындау керек. Жалпы, Қазақстандағы футбол кешегіге қарағанда біршама өскені байқалады. Оған өткен құрама ойындары дәлел. Футболда ғана емес, қай спортты алсақ та ішкі жағдайға, өзімізде бар таланттарға көп назар аударған дұрыс. Жергілікті жердің тәрбиеленушілерін шығару арқылы алға жылжуға бар деген көзқарастамын. Бізде өсіп келе жатқан жастар баршылық”, – дейді “Тобыл” футбол командасының бас бапкері Милич Чурчич.

Бірнеше жылдан бері команда жанкүйерлерімен жұмыс істеп келе жатқан маман Марат Күзембаев та клубтың алға басуына із қалдырған аңыздардың бүгінге үлгі болып жатқанын айтумен келеді.

“Құрамамыз соңғы жылдары тамаша өнерімін жанкүйер қауымның көңілінен шығып жүр. Еуро ойындарында “Тобылымыз да” бұрын тарихта болмаған ерлігін жасап жатыр. Мұны кешегі ел аңыздарының бүгінгі жастарымызға үйлесімді жол сілтеуінің жемісі деп білемін. Нұрбол Жұмасқалиевтей аңыздарымыз бар кезде қазақ футболы дами береді”, – дейді Марат.

Иә, Марат Күзембаевтың сөзінің жаны бар. Әр командаға бір-бір көшбасшы қажет. Ана жерде шеңбер жасап, қызу дайындықта жүрген сақа ойыншылар да капитанынан нұсқау күтеді.

“Жақында демалыстан келіп, келесі ойынға тың әзірлікті жалғап жатқан жайымыз бар. Алда маңызды үш ойын тұр. Жанкүйер қауымның көңілінен шығуға тырысып жатырмыз. Биыл өкінішке қарай, чемпионатта дұрыс нәтиже көрсете алмадық. Енді кубокты аламыз деген мақсатымыз бар”, – дейді команда капитаны Серікжан Мужиков.

Жаңалықтармен бөлісу