Қаржы пирамидасын құрды деп айыпталған тұрғын сот залында жауап берді

Қаржы пирамидасын құрды деп айыпталған тұрғын сот залында жауап берді

Қостанай қаласының тұрғыны Николай Бухарин “Финико” қаржы пирамидасының филиалын басқарды деп айыпталып отыр. Бірақ сот алдында жауап берген айыпталушы “Финико” ешқандай пирамида немесе қаржы компаниясы емес деп куәлік берді. Айтуынша, ол адамдарға ақшаны биткоинге айналдыруға мүмкіндік беретін “онлайн ойын платформасы”.

Айыптау актісіне сүйенсек, іс бойынша 30-дан аса адам зардап шегіп, 100 млн теңгеге жуық шығынға батқан. “Финиконың” негізін қалаған Ресей Федерациясының азаматы болып шықты. Қостанайлық салымшылардың әрқайсысы оған 500 мыңнан 20 млн теңгеге дейін қаржы салған.

Сотталушыға ҚР ҚК 2017-бабы, 2-тармағы 3-бөлігі (ақша немесе өзге де ірі мөлшердегі мүлікті тарта отырып, қаржылық (инвестициялық) пирамида құру және оған басшылық ету) бойынша айып тағылып отыр. Алайда, Н.Бухарин өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын жеткізді.

– Мен “Финиконың” өкілі емеспін және ешқандай лауазымдық қызмет атқармаймын. Тек өзгелер секілді қарапайым пайдаланушымын. Сотта мені айыптап куәлік бергендердің ақшасын алмадым. Тек онлайн платформаға тіркеліп ақшамды биткоинға қалай айналдырдым, соны жасауымды өтінгендерге қызмет көрсеттім. “Финикоға” тіркелуге ешкімді үгіттеген жоқпын. Маған оның қажеті де жоқ. Екіншіден, көмек сұрағандар маған дейін онлайн платформаға тіркеліп келгендер. Ал тіркелер алдында, “тәуекел етесіз бе?” деп шығады. Батырманы басу арқылы келісім бересің. Келіспесең әрі қарай кіру мүмкін болмайды. Яғни, олар тіркелген соң, салған ақшаларын қалай айналдыру керек екенін менен сұрады. Өзім қалай жасасам, соларға да көрсеттім. Ол жерде ешкім ақшаның сақталатынына кепілдік бермейді. Зардап шегушінің бірі өзіммін. Себебі онлайн платформа қызметін тоқтатты, – деді Н.Бухарин.

Сотталушы осы көрсеткен қызметіне салынатын қаржының 2-3 пайызын алып отырған. Айтуынша, Н.Бухариннің көмегіне жүгінгендер, кейін өздері платформаны игеріп алып, өзгелерге криптовалюта сатумен айналысқан.

Мемлекеттік айыптаушы Дүйсен Шәкіров Н.Бухаринге бірнеше тізбек сұрақ қойды.

– Айтыңызшы, сіз зардап шеккендерден ақша алғаныңызды мойындайсыз ба? – деп сұрады мемлекеттік айыптаушы.

Алайда, айыпталушы Н.Бухарин мемлекеттік айыптаушының қойған сұрағына жауап беруден бас тартты.

– Сотқа өзімнің ұстанымымды түсіндірдім. ҚР ҚК 217-бабының 3-бөлігі 2-тармағы бойынша өзіме тағылған айыпты мойындамаймын. Мен қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған жоқпын. Кінәм сот арқылы дәлелденген жоқ. Мемлекеттік айыптаушының сұрағына жауап беруден бас тартамын. Себебі жасамаған ісім үшін өз-өзімді түрмеге отырғызғым келмейді, – деді айыпталушы.

Н.Бухаринге іздеу жарияланғанда ол Түркияда жүріпті. Іздеуде екенін “eGov mobile” мобильді қосымшасы арқылы келген хабарламадан білген. Мән-жайды анықтаған соң Түркиядан ұшақпен Ақтөбеге келгенде қамауға алынды. Айыпталушыға іздеу Қазақстаннан кеткен соң жарияланған.

Сот отырысы аяқталған жоқ. Енді екі тарап жарыссөзге көшеді.

 

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу