Тобыл жағасында жаңа үлгідегі қонақүй пайда болады

Тобыл жағасында жаңа үлгідегі қонақүй пайда болады

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай мен Тобыл қалалары ортасында салынып жатқан осы Courtyard by Marriott Kostanay қонақүй кешенінің құрылыс барысымен танысты.

Құны 16 миллиард теңге болатын жоба толықтай жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылып жатыр.

blank

«Мемлекет басшысы инвестиция тартуға қолайлы ахуал қалыптастырудың, шағын және орта бизнесті, сондай-ақ заманауи туристік және сервистік инфрақұрылымды дамытудың маңызын бірнеше рет атап өтті. Бүгінде Қостанай облысы қарқынды дамып келеді. Соңғы үш жылдың өзінде өңірде KIA автокөлік зауыты, жүк көліктеріне арналған жетекші белдіктер мен қозғалтқыш бөлшектерін шығаратын кәсіпорындар, теміржол серіппелерін өндіретін зауыт іске қосылды. Қазір жеңіл автокөліктерге арналған автокомпоненттер шығаратын жаңа өндіріс ашылуға дайындалып жатыр. Мұндай ірі жобалар жаңа инвесторлардың келуіне жол ашып, халықаралық деңгейдегі қонақүй инфрақұрылымына деген сұранысты арттырды. Бизнес қауымдастығы бұл сұранысқа дер кезінде үн қосты», – деді өңір басшысы.

Жалпы ауданы 15,6 мың шаршы метр болатын қонақүй кешенінде 142 нөмір, екі тақырыптық мейрамхана, панорамалық Sky Bar, 600 орындық конференц-зал, келіссөздер бөлмесі, фитнес орталығы, SPA-аймақ және бассейн жұмыс істейді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 140 жаңа жұмыс орны ашылады.

blank

Облыс әкімі құрылыс алаңының су тасқынынан қорғалу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, нысанның қауіпсіздігі жобалау кезеңінде толық ескерілген.

blank

«Бұл аумақта қорғаныс бөгеті салынады. Сондықтан су тасқыны қаупіне алаңдауға негіз жоқ. Бөгеттің биіктігі мен барлық техникалық шешімдер жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес айқындалған. Құрылыс жұмыстары бекітілген жоба бойынша жүргізіліп жатыр. Барлығы тұрақты бақылауда. Бұл – Қостанай облысы үшін ауқымды әрі инвестициялық сыйымдылығы жоғары жоба. Біз бұрын мұндай деңгейдегі нысандарды көп көрген жоқпыз. Осындай ірі жобалар өңірімізде жиі жүзеге асуы тиіс. «Marriott» қонақүйінің салынуы – инвесторлар мен бизнес қауымдастығына берілетін маңызды белгі. Бұл Қостанай облысында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға барлық қажетті жағдай жасалғанын көрсетеді. Инвесторлар өңірге келмес бұрын оның әлеуетін жан-жақты зерттейді. Олар үшін халықаралық деңгейдегі қонақүйлердің, жыл бойы тұрақты жұмыс істейтін әуежайдың және дамыған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның болуы аса маңызды. Осындай жағдайлардың барлығы жаңа инвесторларды тартуға ықпал етеді. Біз алдағы уақытта да өңірге ірі инвестициялық жобалардың көптеп келетіндігіне сенеміз», – деді облыс әкімі.

Айта кету керек өңіріміздегі алғашқы Marriott брендімен салынатын қонақүй. Қазақстанның өңірлері арасында мұндай халықаралық желінің келуі үлкен мәртебе. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында қабатаралық жабын плиталарын орнату, темірбетон конструкцияларын тұрғызу жұмыстары жалғасуда. Шатырдың металл конструкциялары толық монтаждалып, ішкі кірпіш қалқаларын қалау жүргізіліп жатыр. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

blank blank  blank  blank blank Жаңа қонақүй кешені іскерлік туризмді дамытуға, халықаралық форумдар мен конференцияларды өткізуге қолайлы жағдай қалыптастырып, Қостанай облысының инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыруға қызмет етеді. Сонымен қатар бұл жоба өңірдің сервистік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды нысандардың бірі болмақ.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Қостанай ауданы